ҚазҰУ-да ҚР Тұңғыш Президенті күніне арналған «Мен жастарға сенемін!» атты студент жастардың республикалық патриоттық фестивалінің гала-форумы өтеді

28.11.2013

Көрулер: 2463

29 қараша 2013 жылы сағат 10:00-де әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған (Ғылыми кітапхананың конференц-залы) еліміздің барлық өңірлерінен ЖОО өкілдерінің басын қосатын «Мен жастарға сенемін!» атты студент жастардың республикалық патриоттық фестивалі гала-форумының ашылуы өтеді.


Фестивальдің ұйымдастырушылары - ҚР Білім және ғылым министрлігінің, Мәдениет және ақпарат министрлігінің және Алматы қаласы әкімшілігінің қолдауымен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен «Жас Отан» жастар қанаты.

Қазақстан қоғамының жемісті дамуындағы маңызды шарттың бірі еліміздің әлеуметтік-экономикалық, саяси және қоғамдық өміріне жастардың белсенді қатысуы болып табылады. Ел тәуелсіздігі қалыптасуының алғашқы екі онжылдығы барысында орын алған әлеуметтік-саяси қайта жаңғыруда айтарлықтай дәрежеде “алғашқы нәтиже” болып табылатын студент жастар буыны ерекше мәнге ие. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің халыққа жолдауларында жастардың ел тағдырындағы шешуші күш екендігін әлденеше рет баса айтқан. Мемлекетіміздің болашақ даму бағдары олардың азаматтық ұстанымына тәуелді, дәл осы жастар 10-15 жылдан кейін Қазақстанның бет-бейнесін айқындайтын болады.

Фестиваль аясында бір ай бойы хабарланған байқаулар бойынша студенттік жұмыстар қабылданды. Олар - «Еліміздің инновациялық дамуына менің қосқан нақты үлесім» атты студенттік әлеуметтік маңызы бар инновациялық жобалар байқауы, «Мен өз елімнің гүлденуі үшін не істей аламын» атты студенттік эссе байқауы және «Мен жастарға сенемін!» тақырыбында студенттік поэзиялық азаматтық-патриоттық шығармалар байқауы. Ұйымдастырушы комитетке еліміздегі жоғары оқу орындары студенттерінен 1000-ға тарта жұмыстар келіп түсіп, ең үздік 300 автор байқаудың Gala-форумға қатысуға шақырту алды.

Gala-форум аясында тақырыптық шығармашылық және пленарлық отырыстар, «Керемет» жастар ресурстық орталығының тұсаукесері өтеді. Іс-шараға қатысушылар әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттік бизнес-инкубаторы және студенттік клубтардың жұмысымен және студенттік инновациялық жобалар көрмесімен танысты.

Сағат 17:00-де Ө. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында номинациялар бойынша фестиваль жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі және Gala-форумның жабылуы өтеді. Беделді мамандардан құралған тәуелсіз әділ-қазылар әрбір конкурс бойынша фестивальдің жеңімпаздарын аттарын жариялайды.

Фестивальдің бас жүлдесі – ҚазҰУ-да бір жыл тегін оқу гранты. Сонымен қатар «Жас Отан» жастар қанаты, «ҚР Ғылым және бiлiм қызметкерлерiнің Кәсiби одағы» және басқа да әріптестерінің сыйлықтары тапсырылады.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі