"Сұңқар" кубогының жеңімпазы анықталды

26.11.2013

Көрулер: 1846

Еліміздің белді білім шаңырағы Әл -Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетнің тарихына 80 жыл толса, 1999 жылдан бастап заңды мекемеге айналған «СҰҢҚАР» Студенттер әлеуметтік кәсіподағына 15 жыл толып өз жұмысын бүгінгі күнде атқарып келеді. Кәсіподақтың негізгі басты мақсаты, ҚР-ның заңына сәйкес әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің студенттерінің әлеуметтік- экономикалық және құқықтық мүдделерін қорғау, мүшелерінің еңбек құқығы мен денсаулығын қорғау болып табылады. Сонымен қатар еліміздің белсенді болашағын тәрбиелеуде түрлі мерекелік іс -шаралар, маңызды тақырыптарда дөңгелек үстелдер ұйымдастырады. Солардың бірі қараша айының 19 жұлдызында өткен «Сұңқар» кубына арналған қалалық дәрежедегі ашық КВН лигасы. Жыл сайын дәстүрлі түрде «Студенттер күніне» орай ұйымдастырылатын атаулы іс-шара биыл әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің 80 жылдығы мен «Сұңқар» студенттер кәсіподағының 15 жылдығына орай ұйымдастырылды.


Атаулы кеш университеттің белгілі түлектерінің онлайн құттықтауларымен және Тәрбие ісі жөніндегі проректорШолпан Ерболқызының, университет ректоры Ғ.Мұтановтың арнайы құттықтау сөзімен ашылды.

Жастардың бос уақытын тиімді жоспарлау, салауатты өмір салтын насихаттау, жастардың қоғамдағы белсенділігін арттыру сынды мақсаттарды көздеген сайысқа зілді әзілмен айтатын, мәселені қалжыңмен жеткізетін Алматы ЖОО-ның ең мықты көңілді тапқырлар командалары қатысты. Атап айтсақ, "ЖасНар" (Қазақ Ұлттық Техникалық Университеті), "Камзол от Армани" (Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы) және ҚазҰУ намысын қорғаған "Ұлттық құрама" (Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ), «Молодежка КазНУ» (Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ), "Жетінші материк" (География және табиғатты пайдалану факультеті), «Еуропа» (Заң факультеті), "Филология құрамасы" (Филология,әдебиеттану және әлем тілдері факультеті), "Біздің құрама" (Журналистика факультеті), "Скиф" (Тарих,археология және этнология факультеті), "Таң қалмаңыз" (Филология,әдебиеттану және әлем тілдері факультеті), "Қарапайым" (Физика-техникалық факультеті) квн командалары.

Сайыскерлер ойынының әділдігі мен төрелігіне жауапты «әділқазылар алқасының» құрамында Қазақ ұлттық университетінің Тәрбие жұмысы жөніндегі департамент директоры Меңдігүл Сағатқызы, Алматы қалалық Жастар саясаты жөніндегі басқарма жетекшісі Санжар Боқаев, Қазақстан КВН одағының президенті Есен Елеукен, Қазақстан эстрада әншісі Аша Матай, «Бастау» тобының мүшесі Болат Жолдасов, «Гавай» демалыс орталығының әлеуметтік маркетинг бөлімінің бастығы Байекешев Асан, «Акис» дизайнерлер орталығының директоры Елдос Алтаев, Қазақстан КВН-нің белді ойыншысы Еркебұлан Мырзабек, «Сұңқар» студенттер кәсіподағының төрағасы Айдана Сыдықова қазылық жасады.

Сондай-ақ, көңілді тапқырлар ойынының арнайы қонақтары ретінде балалар үйінің тәрбиеленушілері мен «Байланыс жігіттері», «Арман қала», «Сенсация» командаларының ойыншылары шақырылды.

Қоғамдағы саяси, әлеуметтік, рухани мәселелерді астарлы әзілдермен жеткізе білген көңілтапқыштарымыз көрерменге көтеріңкі көңіл–күй мен күлкі сыйлап, кешті одан әрі жандандыра түсті.

Әділ қазылар алқасының шешімі бойынша керемет ойынның жүлделі орындары анықталды: жүлделі III орынды Заң факультетінің «Еуропа» командасы, II орынды Журналистика факультетінің «Біздің құрама» командасы қанжығаларына байлады. Оқ бойы озып шыққан Филология,әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің «Таң қалмаңыз» қыздар КВН командасы сайыстың I дәрежелі сыйлық жүлдегері атанды.

Негізгі жүлдеден басқа, ойын барысында өзін ерекше көрсеткен жеке ойыншылар мен командалар арнайы номинацияларды иеленді. Атап айтсақ, «Мисс КВН» номинациясын «Таң қалмаңыз» қыздар командасының ойыншысы Айтбай Арайлым, ал Мистр КВН» номинациясын «Біздің құрама» командасының ойыншысы Еламан еншіледі. Сондай-ақ, өз тобына жанкүйер болып, қолдау көрсеткен физика-технология факультетінің жанкүйерлеріне «Ең үздік жанкүйер» номинациясы табысталды. Қазақстан КВН сахнасында өзіндік орындары бар майталман «Ұлттық құрама» командасы мен «ЖасНар» командасы «Көрермендер көзайымы» номинациясымен марапатталды.