ҚазҰУ-да Бүкіләлемдік философия күніне арналған шаралар ұйымдастырылды

25.11.2013

Көрулер: 2269

Философия және саясаттану факультетінің философия кафедрасы Бүкіләлемдік философия күніне арналған шаралар ұйымдастырды. Осы мерекеге орайластырылып «Түркі дүниесінің рухани бастаулары» атты халықаралық ғылыми конференция - VI Қасымжанов оқулары өткізілді. Конференцияға шетелдік және қазақстандық белгілі философтар қатысып, түркі және қазіргі заман философиясының өзекті мәселелері туралы баяндамалар жасады.


«Жаңа сандық дүниедегі адам: мүмкіндіктер және қауіптер» тақырыбындағы Дөңгелек үстелге философия кафедрасының меңгерушісі Г.Ж.Нұрышева, философия кафедрасының доценттері Борецкий О.М., Мямешева Г.Х., саясаттану кафедрасының доценті Ким Л.М., философия және саясаттану, халықаралық қатынастар, шығыстану, химия және химиялық технологиялар факультеттерінің магистранттары мен студенттері жасанды интеллект, желілік соғыстар, киберкеңістіктегі патенттік құқықтар мен заңдар және тағы басқа мәселелерді философиялық тұрғыдан талқылады.

Олег Борецкийдің «Киноклубында» тұлғаның қазіргі кездегі және болашақтағы фантомдық бірегейлілігі, адамның виртуалды және нақты әлемдерінің шатасып кетуі мәселелері қарастырылған «Қара айна» фильмінен үзінділер көрсетілді.

Шараларға белсенді қатысқан магистранттар мен студенттерге философия және саясаттану факультетінің грамоталары тапсырылды.

Философия кафедрасы