ҚазҰУ-да «Шал» фильмі көрсетілді

01.11.2013

Көрулер: 2220

Кино өнерінің биік шыңына шыққан қазақ киносының бірегей туындысы - «Шал» фильмі. Белді режиссёр Ермек Тұрсыновтың бұл туындысы көпшіліктің көңілінен шығып қана қоймай, қазақ киносының жаңа бір құбылысына айналып үлгерді. Фильм қарияға да, жасқа да ой салады. Ой салып қоймай, тұтас бір ұлттың суретін салуға тырысады. Философиялық ойға бай фильмді жастарға көрсетуді құп көрген әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың философия кафедрасы «Отандық кино күні» жобасы аясында фильмді тамашалауға шақырды. Көркем туындыны тамашалауға ҚазҰУ ұстаздары мен студенттері тегіс жиналды.


Шараның ұйымдастырушыларың бірі ф.ғ.к., философия кафедрасының доценті, белгілі киносыншы Олег Борецкий «Шал» фильмі жайлы өз ойымен бөлісті. Ал, алғашқылардың бірі болып сөз алған фильм режиссёры Ермек Тұрсынов: ««Шал» фильмін атақты жазушы Эрнест Хемингуэйдің «Шал мен теңіз» повесінің желісі бойынша түсірдік. Бірақ біз бұл шығарманы толық қайталағанымыз жоқ. Қайта біз осы шығарманың желісі арқылы, қазақы түсінікке сай, терең ой мен тың идеяларды қолдана отырып адам баласының өжеттілігін, жігері мен табандылығын, қайсарлығы мен төзімділігін көрсеткіміз келді. Және бұл арман кино арқылы жүзеге асты да. Нәтижесі жақсы. Ең бастысы көрермендеріміздің ықылас-сүйіспеншілігіне, оң бағасына ие болдық. Біз үшін бұдан артық баға жоқ», - деді.

Киноның бас кейіпкері Ерболат Тоғызақов та ҚазҰУ-дағы бұл шараға арнайы келіпті. Бізге берген сұхбатында Е.Тоғызақов: «Еліміздегі киноның даму деңгейі қуантады. Мейлі ол «Қазақфильм» болсын, жекеменшік киностудиялардың түсірген туындылары болсын, бәрі ұлтымыздың ұлы мұраты жолында еңбек етіп, қалыс қалмай келеді. Әрбір жарық көрген фильмнің өз айтары бар, сыры мен ой жетерлік. Енді соны тамашалап, жақсы қасиеттерін бойға сіңіру көрермен талғамындағы құзіреттілік. Біздің фильм бүгін ҚазҰУ студенттеріне ұнап жатыр. Менің қасыма келіп, еңбегімізге жеміс тілеп жатқандары көп. Мені ҚазҰУ ерекше шаттыққа бөледі. Студенттері білімді, білімпаз екен», - деп жылы шырайымен өз әсерімен бөлісті. Шараның басы-қасында жүрген философия кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.д., профессор Гүлжихан Нұрышева: «Бұл кино адамды үлкен терең ойларға жетелейтін, философиялық мәні, мағынасы бар фильм. Бүгінгі шараға біз фильмнің режиссоры мен бас кейіпкерін ҚазҰУ-дың тәрбие жұмысы бөлімімен бірлесе отырып арнайы шақырып отырмыз.Біз студенттердің отандық фильмдердің осындай үздік туындыларымен жақынырақ таныссын, белгілі бір ой түйсін деп осындай шараны ұйымдастырып отырмыз. Мұндай шаралар болашақта да өз жалғасын табады», - деген жылы жоспарларымен де бөлісті.

ҚазҰУ ұстаздары мен студенттеріне арналған бұл шарадан көрермендердің әсері ерекше. Ең бастысы киноның режиссёры және бас кейіпкерімен болған жүздесу, келелі сұхбат әлі талай жүректе жатталары сөзсіз.