"Айқын" республикалық қоғамдық-саяси күнделікті газет

31.10.2013

Көрулер: 1964

Ұжымның ұйымшылдығы ауадай қажет

Гүлмира ҚАЗЫБЕК, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультеті деканы міндетін атқарушы:

– Бір кездері Мұхтар Әуезов дәріс берген факультетті басқарып, оны жаңа үлкен белестерге алып шығу оңайға соқпайды. Алдағы уақыт­та факультеттің беделін кө­теру үшін, студенттердің жан-жақты білімді болуы үшін қандай жоспар-жобаларыңыз бар? Қандай ауқымды жұмыстар атқармақ­шысыз?
– Мен деканның оқу және тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін бірнеше жыл атқардым. Сондықтан да бұл жұмыстың қыр-сырын жақсы білемін деп айта аламын. Алайда жүректің бір түкпірінде қобалжу, толқу сезім­дері барын жасырмаймын. Мен «Тек қана алға!» деген ұстаныммен жүремін. Сондықтан білдей бір факультетке басшылық жасауға тәжірибем де, білімім де жетеді. Негізі, деканның орынбасары бол­ғанымның өзі де бір қызық оқиға...
– Ендеше, осы жөнінде әңгіме­лей кетсеңіз...
– 2002 жылдың тамыз айының соңы еді. Әдеттегідей сабаққа кел­генмін. «Сені декан Қансейіт Әбдезұлы шақыртып жатыр» деп сол кездегі кафедра меңгерушісі, профессор Құныпия Алпысбаев ескертті. Ойымда ештеңе жоқ. Деканның кабинетіне кірдім. Қансейіт ағай кабинетте жалғыз отыр екен. Бірден «Мен саған бір қызмет ұсынайын деп едім. Декан қызметіне келгелі бір жылдай бо­лып қалды. Сенің атқарған жұ­мыс­тарыңды сырттан байқап жүрмін. Алғыр, жұмысқа деген ынта-жігерің маған қатты ұнайды. Студенттердің ғылыми-зерттеу жұ­мыстарының төрайымы қыз­метінде де біраз игілікті іс-шара­ларды жоғары деңгейде өткіздің. Алматыдағы №12 мектепті бітір­ген екенсің. Ол мектептің түлек­тері орыс және қазақ тілінде жақ­сы сөйлейді. Мен ұсынатын қыз­мет жауапкершілікті талап етеді. Деканның оқу ісі жөніндегі орынбасары боласың» деп нық сеніммен ұсынысын жа­сады. Онда да бір түрлі бұйрық екпінмен айтты. «Кафедра мең­геру­ші­лерінің көпшілігі маған келіп, өз үміткерлерін ұсынды. Сен туралы ешкім айтқан жоқ. Соған қара­ғанда үмітімді ақтай­сың деген ойдамын. Олай болса, ертең өтінішіңді жазып кел» деп шы­ғарып салды... Түні бойы ой­ла­нып, қабырғаммен кеңестім. Өте жауапты іс екені рас. Тынымсыз, мазасыз. Сабағым қалады-ау деп те абыржыдым. Ұсынған қызметті көрейін, мүмкін істеп кетермін деген шешіммен өтінішті жазып, ертеңіне деканға бардым. Ол кісі деканат мамандарын кабинетіне шақыртып, мені таныстырды да, оларға жұмыс туралы ақыл-кеңес­теріңді айтып көмектесіңдер деді. Осылайша қауырт, қызу қызметке араластым да кеттім. Бұл 2002 жыл­дың 25 тамызы болатын. Со­дан бері 11 жыл уақыт зымырап өтіпті.
– Факультеттің бұрынғы дека­ны Қансейіт Әбдезұлымен бірге қызметте жүріп, тәжірибелерінен үй­ренгендеріңіз аз болмаса керек?
– Әрине... Факультетті 12 жыл бойы басқарған Қансейіт Әбдез­ұлының білімділігі, еңбекқор­лығы, адамгершілігі қашан да бәрімізге үлгі. Ұлағатты ұстаздан тәрбие алған адам жақсы азамат, жарқын тұлға болып қалыптасады. Өмірін жақсылыққа бейімдеп, өзгелерге жақсы жағынан таны­лады. Студенттерді алдына белгілі бір мақсат қоюға, жоспарлауға, оны орындауға, өзіне-өзі талап қоя білуге, тәрбиелеуге ұмтыл­дырады. Шәкірт – ұстаздан дәріс қана емес, өмірлік ұлағат, мықты тәрбие алады. Мен де декан ағайым­нан ұлағатты ұстаз, жақсы басшы болуды үйрендім. Бұл – менің шынайы сөзім. Алдағы уақытта өзімнің ұлағатты ұстазым Қансейіт ағай сияқты адам­гер­шілігіммен, қайырымды­лығым­мен, адалдығыммен – фа­культетті тек қана алға жетелеймін деген ойдамын. Факультеттің беделін түсірмеуге тырысамын. Ол үшін өз ұжымымның ауызбір­шілігі, ұйымшылдығы ауадай қажет. Ал факультеттің абыройын асқақтату үшін менде жоспар да, жобалар да баршылық. Университет ректоры, академик Ғалымқайыр Мұ­танұлының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан серпінді жобалар, акаде­миялық ұтқырлық, т.б. бағдарла­малар аясында игілікті іс-шаралар жасаймыз деп жоспарлап отыр­мыз. Мұның бәрі уақыт енші­сінде...
– Бұған дейін деканның оқу-әдістемелік және тәрбие ісі жөнін­дегі орынбасары қызметін атқар­дыңыз. Студенттермен тікелей жұмыс жасағандықтан, сіз бүгінгі студенттердің қарым-қабілетін, мақсат-ойларын өте жақсы білесіз. Жалпы, еліміздің ертеңі үшін аянбай еңбек ететін болашақ тұл­ғалар бүгінгі студенттердің ара­сынан табыла ма?
– 10 жылдан астам уақытта ме­нің жұмысым тікелей студент­термен бірге болды. Олардың мақсатына, тілек-талабына әркез назар аудардым. Факультетті жыл сайын жүздеген студент бітіріп шығады. Олардың бірқатары қа­зіргі кезде – танымал жазушы­лар, талантты ақындар, белгілі жур­налистер, қоғам қайраткерлері. Жалпы, маған міндетім қатты ұнай­ды. Еліміздің ертеңі сана­латын мамандарға дәріс берудің өзі бақыт қой. «Танымның үш жолы бар: ең оңайы – еліктеу, ең ащысы – тәжірибе, ең мәртебелісі – ойлау» деген халықтың дана сөзі бар. Қазірдің өзінде болаша­ғы­нан үміт күттіретін студенттері­міз бар. Атап айтқанда, Бекзат Самдьяров, Ақан Марғұлан, Ықылас Тұрсынбекұлы, Ербол Молдажанов, Сәуле Аязбаева, Назира Бейсеғалива, Балғын Әділбаева, т.б. студенттеріміз өзінің болашағынан қазірден үміт күттіреді.
– Қалың қазаққа танымал көр­некті ақын-жазушылар Дулат Иса­беков, Қадыр Мырзалиев, Тұман­бай Молдағалиев, Мұхтар Ма­ғауин, ғалымдар Зейнолла Қабдо­лов, Тұрсынбек Кәкіш, т.б. шыққан факультеттің республика үшін жа­саған еңбегі орасан зор. Сіз фа­культеттің бүгінгі деканы ретінде осы ұлы тұлғалардың жарқын жо­лын жалғастыру бағытында қандай істер атқармақшысыз?
– Шын мәнінде, студенттерді болашақта еліміздің шынайы жанашырлары ретінде тәрбиелеу – мені толғандыратын ең күрделі мәселе. Қазақ тілі мен әдебиетінің ғұлама тұлғалары басқарған ұйымға басшылық жасау – өте зор жауапкершілікті, үлкен еңбекті қажет етеді. Жылдар бойы қа­лыптасқан игі дәстүрді әрі қарай жалғастырып, факультетті жаңа биіктерден көрсете алсам, менен асқан бақытты жан болмас. Тәрбиешінің өзі парасатты, бі­лімді, көрнекті болуы тиіс. Менен студент тәрбие, өнеге алады. Сондықтан өзімнің ұйымдастыру­шылық іскерлігімді, қабілет­тілігімді, білімділігім мен білік­тілігімді дәлелдейтін кез келді деп ойлаймын. Ал менің қаншалықты мақсатыма жететіндігімді алдағы уақытта көре жатарсыздар.
– Өзіңіз басқаратын факуль­теттің 1985-1990 жылдары студенті болдыңыз. Дәл сол кезеңде қазақ­тың жастары өздерінің ұлттық рух­тары биік екенін көрсетті. Оған «Желтоқсан оқиғасы» дәлел бола алады. Сізді де желтоқсан оқиғасы­ның белсенді қатысушысы ретінде жақсы танимыз. Сол кездегі сту­дент­тер мен бүгінгі студенттердің айырмашылығы қандай?
– 1985 жылы Алматы қаласын­дағы С.Киров атындағы №12 қазақ орта мектебін бітіріп, 1985-1990 жылдары әл-Фараби атын­дағы Қазақ Ұлттық универси­тетінің филология факультетінің студенті болдым. Сіз айтып отыр­ған «Желтоқсан оқиғасы» бос­тан­дыққа, тәуелсіздікке ұм­тылған қазақ халқы тарихындағы елеулі оқиға болып табылады. Оқиғаға қатысқан 264 студент оқудан шығарылды. Cол уақытта мен 2-курс студенті болатынмын. Алаң­ға топта оқыған студенттердің көбісі шықты. 17 желтоқсан күні болған оқиғаны көзіммен көрдім. Басы-қасында куәгері болдым. Аллаға шүкір, сол күні суретке түспей қалғандықтан, оқудан шы­ғарылмай, аман қалдым. Се­бебі мен курстың комсоргы едім. Біраз курстастарым оқудан шы­ғарылды. Біздің студенттерде сол кезде ауызбіршілік, Отанымызға деген сүйіспеншілік басым еді. Қаншама рет жиналыс жасап, бір-бірден кіргізіп алып, сұрақтың астына алса да ешкім бір-бірін сатпады. Қазірге дейін сол кездегі оқиғаны есімізге алып, жастардың ар-намыс пен елдік рух жолында теңдікті талап еткен тегеурінді күш-қайнарының қуаттылығына қуанамыз! Студент – әрқашанда студент. Олардың арманы – жақ­сы білім, тәрбие алып, ертең елінің жақсы маманы атану. Заман да бір орында тұрмайтыны белгілі. Қазіргі жаһандану заманында біздің жастардың да мақсаты мен талаптары өзгерді, оқимын, білім аламын деген студенттерге барлық мүмкіндіктер жасалған. Сол мүм­кіндікті дұрыс пайдаланса, бүгінгі жастардың болашағы кемел болады.
– Деканның оқу-әдістемелік және тәрбие ісі жөніндегі орынба­сары қызметін атқарып жүрген кезі­ңізде факультет үшін не жасай ал­дыңыз? Қандай жетістіктерге жете алдыңыз? «Әттеген-ай!» де­ген кездеріңіз болды ма?
– 1990 жылы әл-Фараби атын­дағы Қазақ Ұлттық универси­те­тінің филология факультетін үздік бітіргеннен соң бірден оқыту­шылық қызметке қалдырылдым. 1996 жылы мерзімді баспасөзде жа­рияланған ғылыми мақала­ларым үшін ең жас ғалым ретінде халықаралық Жамбыл сый­лығы­ның лауреаты атағына ие болдым. 2002-2004 оқу жылдары талантты жас ғалымдарға тағайындалатын «Мемлекеттік стипендияның» ие­гері атандым. 1990 жылдан фа­куль­тет студенттерінің педагоги­ка­лық тәжірибесіне жетекшілік жасадым. Алматы қаласындағы М.Базарбаев атындағы №138 гим­назиясының әкімшілігі тара­пынан студенттердің практика­сын жақсы ұйымдастырғаным үшін бірнеше рет мақтау қаға­зымен марапатталдым. 1996-2001 жылдары факультеттегі кәсіподақ қоғамының және әдістемелік кеңестің белсенді мүшесі болсам, 2001-2002 жылдары студенттердің ғылыми жұмыстарының төрайы­мы қызметін атқардым. 2002 жыл­дан бастап күні бүгінге дейін факультет деканының оқу ісі және әдістемелік жұмыстары жөніндегі орынбасары қызметін атқардым. Осы кездері факуль­тет­тің білім, ғылым, тәрбие са­ласында бірқатар табысқа жетуіне әрі рухани дамуына өзіндік үлес қостым деп ойлаймын. Мен кейбіреулер сияқты мақтанғанды, көкірек соққанды ұната бер­мей­мін. Менің ісімді ұжымым көріп отыр, олар мені сыйлайды және құрметтейді. Маған осыдан асқан бақыт жоқ. Әкем көзі тірісінде «Адам­ды танығың келсе, таққа отырғыз» деген халқымыздың дана сөзін көп айтушы еді. Менің ойымша, адам қанша биіктесе де, соншалықты қарапайым болуы керек. Ахмет Йүгнеки айтқан екен: «Қарапайымдылық – жасыл алқап, адамгершілік онда өскен гүл сияқты» деп. Бұл менің өмір­дегі қағидам... Жетістікті ұжымым айтар, ал әттеген-ай деген кез­де­рім де болды. Мен адам көңіліне қатты назар аударамын. Барлы­ғына жақсылық жасағым келеді, қолымнан келсе әлі де жасаймын. Былтырғы оқу жылында «әттеген-ай» деген бір оқиға есімде қалып­ты. 3-курс студенті Айгүл есімді қыз бар еді. Анасы қайтыс болған, жігіті алдап кеткен. Баратын жері болмаған соң жатақханадан орын тауып беріп, кафедра тағайын­дайтын бір шәкіртақыны (100 мың теңге) соған бергіздім. Одан кейін ол туралы ұмытып кетіппін. Сөйтсем ол қызым жатақханаға төленетін төлемақыны да (22 мың теңге) төлемеген болып шықты. Өзін әрең дегенде шақыртып алып, сөйлестім. Студент менің жақсылығымды түсіне алмапты. Ең бір «әттеген-айым» сол... Оқы­ту­шылардың, студенттер мен ма­гистранттардың маған деген жақ­сы көзқарастарын үнемі сезінемін. Ең бастысы, өз ісімді адал атқарып жүргендігімді білемін және сол үшін қуанамын. «Әттеген-айлар» кез келген адам өмірінде болып тұрады. Ондай кездерді есіме ал­ғым келмейді. Адам болған соң қуа­ныш пен реніштің қатар жү­ретіндігі мәлім.
– Ректор Ғалымқайыр Мұта­нов­тың тікелей ұйытқы болуымен «ҚазҰУ студенті оқуы тиіс 100 кі­тап» және «Айналаңды нұрлан­дыр» деп аталатын бағдарламалары бә­рімізге белгілі. Филфактың сту­дент­тері осы бағдарламаларды қан­шалықты орындауда? Нендей шаралар атқарылуда?
– Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтанұлы­ның бастамасымен осындай екі ауқымды жобалар іске асырылуда. Бұл жарқын бастамаға алғашқы белсене атсалысқан филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультеті екені рас. Кітап қай кезде де білім қазынасының ға­жайып қоймасы. 100 кітап сара­ланып, жіктеліп ұсынылғаны да белгілі. Кітап оқымайтын студент нағыз студент деген атқа лайық емес қой. Сондықтан да ол фи­лолог, ол математик, ол физик болсын, көркем әдебиеттің нәрі­мен сусындауы қажет. Тілін, әдебиетін білетін адамды сыйлауға да, мақтауға да болады... Кітап­тарға деген қызығушылығым мектепте оқып жүргенімнен бас­талған. Содан бері жалғастырып келемін. 1988 жылы көрнекті жазушы Қ.Жұмаділовтің «Тағдыр» атты романы жарыққа шықты. Сол романды сатып алып, бір түн­де оқып бітірдім. Себебі сол уақыттарда қазіргі интернет, т.б. құралдар жоқ болатын. Ертеңгі семинарға байланысты жаңа шыққан кітапты оқымасаң, ол студент үшін ұят нәрсе болатын. Сондықтан да мен:
Пайда ойлама, ар ойла,
Талап қыл, терең білуге.
Артық білім кітапта,
Ерінбей оқып көруге, – деген данышпан Абай атамыздың өне­гелі сөзін қайталай келе, студент-жастарды кітап оқуға шақырамын! Факультетімізде әр ай сайын бағдарламада көрсетілген, сту­денттер оқуға тиісті кітаптарға байланысты пікірталастар, дөң­гелек үстелдер, викториналар ұйым­дастырылуда. Осындай игілікті іс-шараларымыз туралы талай рет мерзімді баспасөз беттерінде де жарияланды. Осы оқу жылында да мұндай жақсы үрдістерді жалғастырып, жаңаша биік дәре­жеде өткізетін боламыз.
– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Дінмұхамед АЯЗБЕКОВ