ҚазҰУ-де ядролық реакциялар бойынша дерекқорды дамыту жөніндегі халықаралық жиын өтуде

23.10.2013

Көрулер: 2488

23 - 25 қазан аралығында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ҚР ИЖТМ Атомдық энергия бойынша агенттігі Ядролық физика институтының қолдауымен Ядролық реакциялар бойынша дерекқорды дамыту жөніндегі 4-ші халықаралық жиын өтуде.

Ядролық реакциялар бойынша дерекқорлар базасы бойынша мұндай іс-шара Қазақстанда алғаш рет өткізіліп отыр. Бұл жиынға қатысушылардың ғылыми қызығушылықтары эксперименттік және теориялық ядролық физикамен, ядролық реакциялар физикасымен және ядролық реакциялардың деректер базасын қалыптастырумен байланысты. Аталған іс-шараға ядролық физика саласындағы ірі шетелдік ғалымдармен бірге, Австрия, Жапония, Оңтүстік Корея, Үндістан, Ресей, Қытай, Моңғолия сияқты елдердің МАГАТЭ желісіне енгізілген ядролық деректер ұлттық базасын құрушы ғалымдары қатысты. Бұл іс-шара Ядролық реакциялар жөніндегі Орталық-Азиялық дерекқор базасын (ЯР-ОАДБ) құрумен байланысты. ЯР-ОАДБ әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ұйымдастырылды. Қазақстанда және Орта Азияда алғашқы рет ядролық реакциялар бойынша деректердің компьютерлік базасын жасап қалыптастыру және оны МАГАТЭ жетекшілік ететін ядролық деректер базасының халықаралық желісіне енгізу ДБ идеясы болып табылады. Құрылып жатқан деректер базасы осы саладағы мамандарға, ғалымдар мен студенттерге қол жетімді болады. Деректер базасының құрылуын Қазақстан Республикасының Атом Энергиясы жөніндегі агенттігі, бірқатар ұлттық ядролық деректер базасының өкілдері және МАГАТЭ өкілдері мақұлдады.