Ғалымның мерейтойы аталып өтті

23.10.2013

Көрулер: 2978

ҚазҰУ-да профессор Ким Герман Николайұлының 60-жылдығына орай өткізілген «Қазақстандағы корейтану: ынтымақтастықтың үрдістері мен келешегі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.


Шығыстану факультеті Қазақстан Республикасына Еңбегі сіңген қайраткер, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ким Герман Николайұлының 60-жылдық мерейтойын атап өтті. Жапонтану және корейтану кафедрасы «Қазақстандағы корейтану: ынтымақтастықтың үрдістері мен келешегі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді. Шет елдік корей диаспоралары мен әлемдік деңгейдегі кәрістердің қоныс аударуының тарихи-демографиялық аспектілерін зерттеген жетекші маманның көпжылғы еңбектерін ғалымдар, елшіліктің қызметкерлері, үкіметтік және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, профессордың әріптестері мен шәкірттері қорытындылады.

Ким Герман Николайұлы – Қазақстандағы жаңа ғылыми бағыт пен корейтану мектебін қалыптастырушы, жас ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмыстарының жетекшісі. Оның жетекшілігімен тек қазақстандық қана емес, сонымен қатар Оңтүстік Кореяның, Жапонияның, Италияның, Чехия мен АҚШ-тың 20-дан астам жас ғалымдары өздерінің кандидаттық және магистрлік еңбектерін қорғап шықты.

Ким Герман Николайұлы 2003 жылдан бері әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Халықаралық корейтану орталығын басқарып келеді. Ол өзінің ұстаздық қызметін белсенді ғылыми-зерттеу жұмысымен ұштастырады. Қазақстан мен шет елдерде оның 300-ден астам ғылыми еңбектері мен 20-дан аса монографиялары басылып шыққан. Оның ғылыми мақалалары АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания, Германия, Үндістан, Ресей т.с.с. елдердің беделді ғылыми журналдарында басылған.

Конференция «Тарих, экономика және халықаралық қатынастар», «Антропология және әлеуметтану», «Лингвистика және әдебиеттану» бөлімдерін қамтыды. Оған 50-ден аса Г.Н. Кимнің ізбасарлары мен шәкірттері қатысты. Г.Н. Кимнің 60-жылдық мерейтойымен шығыстану факультетінің деканы Б.Н. Жұбатова, Корея Республикасының консулы Сон Чхи Хын мырза, Алматыдағы Корей оқу-ағарту орталығының директоры Ли Ген Хо мырза, Қазақстандағы корей қауымдастығының бірінші вице-президенті Шин Б.С., «Кахак» ғылыми-техникалық қоғамының президенті Пак И.Т. және тағы басқа әріптестері мен шәкірттері құттықтады.

Шығыстану факультеті