«Көшбасшылар мектебі»

9-шіл-09

Көрулер: 4550

Адамдар қауымы үш түрлі бола алады: қарапайым, орташа, ұлы ... Қарапайым адамдар өзін ғана, орташалар өзімен қоса жақындарын ойласа, ұлы адамдар - қоғамға ықпал жасаушылар, ел болашағын қалыптастырушылар, жалпы рухы биік жандар. Соңғысына, сөз жоқ, өзінің соңынан мыңдаған адамды ертіп, қашанда алда бола білетін көшбасшылар жатады. Сонда олар кімдер?

Көшбасшы - басқаларға үлгі бола білуші.
Көшбасшы - өзгелерге жол сілтеуші.
Көшбасшы - ешқашан берілмейтін қайсар жан.
Көшбасшы - кез-келген жағдайдан жол тауып, жақсылыққа жетелеуші.

Студенттер Сенатының, Мансап сектор «Көшбасшылар мектебі» дәл осындай көшбасшыларды тәрбиелеуге бағытталған.

Жобаның негізгі мақсаты - белсенді студенттерді анықтап, олардың көшбасшылық қабілеттерін одан әрі дамытуға жол ашу. Бұл жобаның аясында студенттер Қазақстан Республикасының Парламентінде тәжірибе жинақтау мүмкіндігіне ие болды. Ал ол өз кезегінде заңнамалық қағидалармен танысу, басқару қабілетін дамыту, ұжымдық жұмысқа дағдылану деген сөз.

Бүгінгі күнде «Көшбасшылар мектебінің» арқасында 7 студент Парламентте тәжірибеден өту мүмкіндігіне ие болды. Әлі де 23 студенттің ондай мүмкіндігі бар.

Жобаға қатысушылар алған әсерлерімен бөлісуде:
Нұрлыбаев Қайнар: Бұл жоба - өзіңнің қабілетіңді көрсетудің, азаматтық белсенді көзқарасты қалыптастырудың бірден-бір тиімді жолы. Сонымен қатар, айналаңдағы болып жатқан құбылыстарға аса мән беруді үйретіп, тұлғалық қасиеттерді қалыптастырады.

Аулбекова Әйгерім: Жаңа мыңжылдықтың мемлекетіне белсенді қызметкерлер мен білікті мамандар өте қажет. Енді бірнеше жылды артқа тастасақ, барлық билік біздің қолымызда болады, Қазақстан-2030 стратегиясының қай бағытта дамитындығы да біздің қолымызда. Қазақ елінің болашағының жарқын болуы біздің біліктілігімізге, Отанға деген сүйіспеншілігімізге тікелей байланысты.Көшбасшылық қабілетімді дамытып, алға қойған мақсаттарыма жетуге мүмкіндік туғызған бұл жобаға алғысым шексіз.

Біздің белсенді студенттер Мәжіліс аппаратының келесідей бөлімдері мен комитеттеріне жіберілді : құқық және сот реформалары жөніндегі комитет,заңнама бөлімі, экологиялық мәселелер жөніндегі бөлім, қаржы бөлімі.

Сонымен қатар төмендегідей заң жобаларын талқылауға да қатысты: «Неке және отбасы » туралы заң, «Жер қойнауын пайдалану» туралы заң.

Студенттер қаржы министрі Жамишев Болаттың 2008-2009 ж. бойынша берген есебі оқылған үкімет сағатына да қатысты.

Жастардың мемлекеттің болашағына мұндай үлес қосуға ұмтылуы тарихта болған дүние. «Жастық шақ - алынбас қамал, асқар биік тау, бұларға қашанда жол ашық,- » деп Шәкәрім бекер айтпаса керек. Сондықтан да бұл жоба көп жастарға өз мүмкіндіктерін шыңдауға, іске асыруға үлес қосатындығына шын жүрегімізбен сенеміз.

Соңғы кездері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев негізгі мақсатқа қол жеткізуге үлкен көңіл бөлуде. Ол: мемлекетті ең мықты, өзгерместей жаңа даму сатысына бұру. Ал мұны жүзеге асыру - біздің, мемлекеттің болашақ қызметкерлерінің міндеті. Біздің мемлекетте сәтті дамуға барлық мүмкіндіктер жасалған: Қазақстан жері пайдалы қазбаларға бай, ең бастысы, ел болашағы үшін еңбек етуге дайын халық бар. Егер де әрқайсымыз осы мемлекеттің дамуына аз да болса үлесімізді қоса білсек, көп ұзамай біздің республикамыз ең бай әрі сыйлы әлемдік державалардың қатарына қосылатыны анық. Ал бұған жастардың жігерін қайрап, дарынын аша түсетін «Көшбасшылар мектебінің» қосар үлесі салмақты болмақ.