ҚазҰУ студенттері Серік Сәпиевпен кездесті

11.10.2013

Көрулер: 2488

әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің спорт кешенінде халықты ұлты мен тіліне, дінімен түр-түсіне бөлмей өзіне ынтызар еткен спортшылардың бірі Серік Сәпиевпен кездесу өтті. Аталмыш кездесуді жастардың спортқа деген қызығушылығын оятып, танымын кеңейту мақсатымен Алматы қаласы жастар саясаты ұйымдастырған еді. Кездесуге жиналған студенттер Серік Сәпиевке көкейінде жүрген сұрақтарын қойып, жүрек жарды лебіздерін білдіріп жатты.


«Спорт - ең алдымен бәсеке. Үнемі алға ұмтылуға, үйренуге, тер төгуге баулиды. Тоқтап қалмауға, ізденуге үйретеді. Топ алдында сайысқа түсуге бел байласаң жемісті жүлдеден үміт күтесің. Қоржынға түсер медальдің салмағы мен санының маңыздылығы ел намысын қорғар тұста байқалады. Төгілген тердің ғана нәтижесі болуын күтпей, артындағы тұтас мемлекеттің үмітін ақтау жоғары тұруы тиіс. Дене еңбегі мен ой кеңістігін қатар кажет ететін спорт биік өнердің бір түрі. Ол да хас талантты, мінсіз шеберлікті, еңбекқорлықты талап етеді. Олимпиада ойындары – бұл ең мәртебелі жарыс. Бұл жерде жеңіс пен жеңілістің бағасы тым жоғары. Олимпиадада жеңіске жету – ең үлкен мұрат, оған аса жоғары дайындық керек. Бұл жерде ерік-жігердің көмегімен, өзіңді-өзің қайраумен ғана жеңіске жетуге болады. Ақылмен, ойлап-пішіп, қарсыласыңнан айла-амалыңды асыруға тырысуың қажет» – деді, өз сөзінде Серік Сәпиев. Кездесу соңында Серік Сәпиев студенттерге қолтаңба беріп, суретке түсті.

Спорт тәрбие құралы. Жас ұрпақ жүрегіне отансүйгіштік сезімін қалыптастыру үшін спорт таптырмас көмекші. Спортты сүю, оны серік етуге баулу арқылы студенттерге тек салауатты өмірді насихаттап қана қоймай, сонымен қатар өрлік, еңбекқорлық, төзімділік, адалдық, әділдік сияқты жоғары қасиеттерді де қалыптастыруға болады.