«Экологиялық мәдениет пен қоғамның қалыпты дамуының заманауи мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

07.10.2013

Көрулер: 3592

4-5 қазанда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ТМД-дағы экономикалық мәдениет және қоршаған ортаны қорғау жылы аясында «Экологиялық мәдениет пен қоғамның қалыпты дамуының заманауи мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Шараға ТМД, АҚШ, Қытай елдерінің эколог ғалымдары, ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігі мен Алматы қаласының Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы өкілдері қатысты.


ХХ ғасыр мен ХХІ ғасырдың басындағы қарқынды өндірістік даму бүгінгі техникалық ортаны қалыптастырып қана қоймай, ғалымдар дабыл қағып отырған экологиялық ахуалды да ала келгені белгілі. Маусым айында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы «жасыл экономикаға» көшу туралы Тұжырымдамасын бекіткен болатын. Онда Қазақстан халқының әл-ауқатын, өмір сүру сапасын арттыру және елдің әлемнің неғұрлым дамыған 30 елінің қатарына кіруі арқылы қоршаған ортаға түсетін жүктеме мен табиғи ресурстардың тозуын барынша азайта отырып, жаңа тұрпаттағы экономикаға көшу мақсатында терең жүйелі жаңартулар қажеттігі айтылды. Конференцияны ашқан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Тілекқабыл Сәбитұлы «жасыл экономика» саясатының артықшылықтарына тоқтала отырып, «80 жылдық терең тарихы бар әл-Фараби атындағы ҚазҰУ әрқашан Елбасы бастамасына қолдау білдіріп, насихатталуына үлкен көңіл бөледі. Өткізіліп отырған шара да еліміз үшін аса өзекті қуат үнемдеу және оның тиімділігін арттыру үшін экологиялық мәдениетті қалыптастыруға жасалған маңызды қадам», – деді. Сонымен қатар ол университет елімізде экономиканың қалыпты дамуы үшін өзіндік үлес қосуды мақсат етіп отырғанын жеткізді.

Табиғи ресурстарды сақтау, адамзаттың қоршаған ортаға деген сүйіспеншілігін ояту мәселелері тек қазақ елі ғана емес, әлем ғалымдарын толғандырып отыр. ТМД атқарушы хатшысы – атқарушы комитеті төрағасының орынбасары Тоқтасын Бузубаев 23-25 қыркүйекте Минск қаласында ТМД елдері-қатысушыларының шығармашылық және ғылыми интеллигенциясы ТМД-дағы экономикалық мәдениет және қоршаған ортаны қорғау жылы аясында бас қосқанын тілге тиек етті. «Аталмыш форумда Достастық елдері арасында қоршаған ортаны қорғау, табиғатты пайдалану және экологиялық мәселелерді бірлесе шешуде ортақ көзқарас қалыптастыру керектігі көтерілді», – деді ол. Сондай-ақ тез арада Мемлекетаралық экологиялық кеңес құру туралы резолюция қабылданғанын да жеткізді. Онда биологиялық және ландшафты алуантүрлілікті сақтау бағытындағы мемлекетаралық деңгейдегі мәселелерді шешуге Грузия мен Балтық елдері және өзге де қызығушылық танытқан елдердің өкілдерін сарапшы ретінде қатыстыру көзделіп отыр. Ал ресейлік «Дубна» университетінің президенті, Қалыпты даму жөніндегі ғылыми мектеп жетекшісі Олег Кузнецов экологиялық тәрбиеге назар аударды. – Елде экологиялық мәдениетті меңгерген арнайы маман даярламай және жас ұрпақты тәрбиелемей ешқандай да экологиялық қызметпен айналысу мүмкін еместігін сарапшылар алға тартуда. Экологиялық тәрбие балабақшадан басталу керек, ол экологиялық мәдениетке ұласып, экологиялық ғылыммен ұштасуы керек. Осы тізбекті жүзеге асыра алмасақ, бәрі де бос әңгіме болғаны, – деді ол конференцияға арнайы жолдаған видеокөрсетілімінде.

Сондай-ақ конференция барысында экологиялық білім беру сапасын көтеру, экология саласындағы арнайы маман даярлау мен экология, биология және биотехнология саласының бүгінгі таңдағы өзге де маңызды сұрақтары талқыланды. «Вернадский В.И. – ноосфералық экологиялық мәдениет және тұрақты даму»; «Экологияның, биологияның және биотехнологияның теориялық және қолданбалы аспектілері»; «Жасыл» экономикаға өтудің экономикалық механизмдері» атты секциялар қызу пікірталас алаңына айналды.

ҚазҰУ Баспасөз қызметі