әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да екі ел университетінің өкілдері кездесті

03.10.2013

Көрулер: 1695

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ғылыми мәселелерге қатысты Шанхай университетінің өкілдерімен кездесу өтті.

Онда ҚазҰУ-дың ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Т. Рамазанов, факультет декандары мен докторанттар қатысты. Делегация құрамында Шанхай университетінің проректоры, профессор Ли Юмэй, Шанхай университеті жанындағы әлеуметтік даму ҒЗИ директоры Чжан Хэнлун, Шанхай университеті жанындағы ШЫҰ қоғамдық дипломатия директорының орынбасары Чжан Даньхуа және Шанхай университеті жанында құрылған Шанхайдағы көрмелер ҒЗИ директоры Чжан Минь болды.

Екіжақты кездесу барысында бүгінгі ғылым ахуалы, ҚазҰУ-дың зерттеу университетіне трансфармациялануы мен зерттеу орталықтарының жұмысы баяндалды. Әсіресе Конфуций институты мен шығыстану факультетіндегі қытайтану кафедрасының жұмысына кеңірек тоқталды. Өз сөзінде проректор Т. Рамазанов: «Біздің университет еліміздегі жетекші оқу орны. Келесі жылы 80-жылдығын тойлайды. Білім ордасы толық 3 сатылы білім беру жүйесіне көшкен. Қазіргі таңда 20 мыңға жуық студент білім алады. Оқытушы-профессорлық құрам өте жақсы, білікті мамандар сабақ береді. Қытай елінде өткен жылы 30 оқытушы мен 60 магитстранттар мен докторанттар тәжірибе алмасу аясында барып, білім алып қайтты. Қытай елінен келген біраз студенттер бізде білім алып жатыр», - деді.

Шанхай университеті мен ҚазҰУ арасында өзара ынтымақтастық жөніндегі келісім осыдан 2 жыл бұрын орнатылған. Содан бері арадағы байланыс артып келеді. ҚазҰУ-да Қытай зерттеу орталығы ашылған. Делегаттар ҚазҰУ мұражайында болып, университет тарихымен, кампусымен танысты.

«Шанхай университетінде өткен жылдың маусым айында Қазақстан зерттеу орталығы ашылған. Университет министрлік тарапынан қаржыландырылады және ғылыми, жаңа технологиялар саласын зерттеуге көп көңіл бөледі. Бізде 26 мыңдай студент және 26 зерттеу орталықтары бар» - деді Ли Юмей өз кезегінде.

Кездесу соңында қытайтану кафедрасының меңгерушімі Зәуре Батпенова екі білім ордасы арасындағы ынтымақтастық пен әріптестікті нығайту мақсатында қос диплом бағдарласын іске асыруды ұсынды.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі