Журналистика факультетінде Демократия күні аталып өтті

17.09.2013

Көрулер: 2526

Бүгін Қазақстан Республикасы БҰҰ және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті арасындағы ынтымақтастық келісім аясында журналистика факультетінде Халықаралық Демократия күніне орай «Демократия үшін медиаүндеулер» атты дөңгелек үстел өтті.

Жиынға ҚР-дағы БҰҰ-ның қоғамдық ақпарат департаментінің өкілі Властимил Самек, «Wikibilim» қоғамдық қорының президенті Нұрбек Матжани және журналистика факультетінің профессорлары мен оқытушылары, студенттері толық қатысты. Осы орайда журналистика факультетінің профессоры, саяси ғылымдарының докторы Гүлмира Сұлтанбаева І Халықаралық журналистика және коммуникация жазғы мектебінің тыңдаушыларын және дәріс берген ұстаздар қауымын куәліктермен марапаттады.

2007 жылы 8 қарашада БҰҰ Бас Ассамблеясы 15 қыркүйекті Халықаралық Демократия күні деп жариялады. Халықаралық Демократия күні әлем елдеріндегі демократия қағидаттары сақталуы мен демократиялық құндылықтардың қалыптасуын бағалайтын ерекше күн. 6 жылдан бері 15 қыркүйек әлем елдері Демократия күнін атап өтуді дәстүрге айналдырып келеді.

Биылғы жылы Демократия күнінің басты ұраны «Демократия үшін жаңа үндеулер» деп аталды. Бұл – заманның саяси, әлеуметтік, экономикалық-экологиялық және технологиялық пікірісайыстары аясында адамдардың тікелей не сенімді өкілдері арқылы дауыс беруі және сол берген дауыстың маңыздылығына назар аудару.

Дөңгелек үстелде азаматтардың қазақстандық БАҚ және саяси сауаттылық, ақпараттық қолжетімдік, сандық теңдік мәселелері, мемлекеттік шешім қабылдау процесіне азаматтардың қатысуы және рөлінің артуы, демократиялық қағидаттарға негізделген гуманитарлық технологиялардың прогрессивті өркендеу құралы ретінде танылуы жолындағы масс-медианың рөлі, адам мен қоғам арасындағы жауапкершілікке қабілеттілікті қалыптастырудағы медиатехнологиялар тақыры көтерілді.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі