Студенттер Сенаты өз көшбасшысын таңдайды

16.09.2013

Көрулер: 2474

17 қыркүйек күні сағат 18.00-де Студенттер Сенаты өз көшбасшысын таңдайды. Әрбір екі жыл сайын өз төрағасын таңдайтын сенаторлар қазір бұл сайлауды асыға күтіп, қызу дайындық жүргізуде.

Сайлауға екі үміткер ұсынылған: Арубаев Дәурен – география және табиғатты пайдалану факультетінің студенті, Студенттер Сенатында мәдени-көпшілік іс-шараларды үйлестірумен айналысса, екінші үміткер философия және саясаттану факультетінің студенті Тлеуберген Нұрбол ұйымның ақпараттық саясатын дамыту бойынша жұмыстар жүргізген. «Шынымен айтқанда, бұл сайлауды Студенттер Сенатының мүшелері өте үлкен қызығушылықпен, асыға күтіп жүр. Екі үміткер де бұл қызметке лайықты, екеуінің де ұйым үшін қосқан үлесі өте зор», -деп сайлау алды әсерімен заң факультетінің студенті Серікжанова Әгерім бөліседі. Біз өз тарапымыздан бұған дейін бұл қызметте қазіргі Жастар ұйымдары комитетінің жетекшісі Нұрлан Абдикадыровтың болғанын естеріңізге саламыз және ертеңгі сайлау жұмыстарының әділ әрі сәтті өтуіне тілектестігімізді білдіреміз.

Жастар ұйымдары комитеті