Заң факультетінде Алматы қаласы Бостандық ауданының прокуратура қызметкерлерінің «Медиация» мәселесіне қатысты дәрісі өтті

12.09.2013

Көрулер: 2418

Азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу, еңбек құқығы кафедрасы Алматы қаласы Бостандық ауданының прокуратурасымен бірлесе отырып, 2013 жылы 11 қыркүйекте 304 дәрісханада «Тараптардың бітімге келуі» тұжырымдамасының жобасын түсіндіруге арналған, заң факультетінің 3 курс студенттерімен кездесу дәрісін ұйымдастырылды.


Қазақстан Республикасының Президенті Н.А.Назарбаев 2009 жылы 19 қарашада соттардың V съезінде: «Сот тәртібімен қаралатын даулардың санын қысқартудың, оларды шешудің альтернативті әдістерін, сондай-ақ, бітімгершілік процедуралары мен медиацияны енгізудің маңызы зор. Бұл сот төрелігіне қалпына келтіру сипатын берер еді» деп атап өткен болатын.

Дәрісті Алматы қаласы Бостандық ауданының прокуратурасының азаматтық және әкімшілік істер бойынша сот актілерінің және атқарушылық өндірістің заңдылығын қадағалау жөніндегі бөлімнің басшысы Айтжанов А. Б., Бостандық ауданы прокурорының көмекшілері Ельчибаев З.Б. және Бакулин Ю.В. оқыды.

Дәріс барысында Қазақстанда жыл сайын 300 мыңға жуық даулардың қаралатындығы және оларға миллионнан астам адамдардың тартылатындығы туралы статистикалық мәліметтер келтіріліп, атаулы істердің саны арта түсетіндігі және соңғы бес жыл ішінде 30 пайызға артқандығы айтылды.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының мәліметтері бойынша әрбір төрешіге 57, ал Алматы мен Астана қалаларында айына 150 істен тиеді. Прокурорлардың қатысуымен қаралатын істердің саны да арта түсуде. Прокурордың бір ғана көмекшісі күніне 3-4 төреші қарайтын істерге қатысады.

Атаулы мәселені шешудің жолдарының бірі - Медиацияны қолдану арқылы бітімгершілік процедурасының мүмкіндігін қолдану болып табылады. Осылайша, 2012 жылы медиацияны қолдану нәтижесінде 150 азаматтық істер тоқтатылған болатын. Сондай ақ, 2012 жылы соттармен бекітілген он мыңға жуық бейбіт келісімдер медиация пәні болуы мүмкін еді.

Тұтастай алғанда, дәріс студенттер тарапынан қызығушылық тудырып, прокуратура қызметкерлері мазмұнды жауап берген бірқатар қызықты сұрақтар қойылды.

Азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу,

еңбек құқығы кафедрасы