ҚазҰУ-да АҚШ конгрессмені Эни Фалеомаваегамен кездесу өтті

02.09.2013

Көрулер: 2601

2 қыркүйекте әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да АҚШ конгрессмені Эни Фалеомаваегамен кездесу өтті.

Кездесудің алғашқы сөзін ҚазҰУ ректоры Ғ. Мұтанов ашты. «Бүгінгі нағыз маманның дәрісі бәрімізге берері мол деп ойлаймын. Осында халықаралық қатынастар факультетінің студенттері басым көпшілікті құрап отыр, сіздер үшін бұл таптырмас тәжірибе болады», - деді ректор.

Э.Фалеомаваега әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде профессорлар-оқытушылар құрамы мен ҚазҰУ-дың профильді факультеттерінің студенттері алдында өңірлік қауіпсіздік, ядролық таратпау және Ауғанстандағы ахуалдың тұрақталуы тақырыбында дәрісін оқыды. Дәріс барысында магистранттар мен докторанттардың сұрақтарына кеңінен жауап берген конгресмен, осындай жастардың ғылымға келуіне қуанышты екенін айтып, жас ғалымдарды оқуды терең меңгеруге кеңес берді. «Білімсіз адам қоғамды алға сүйрей алмайды, ал сіздер осы елдің көшбасшыларысыңдар, әлемді қалыптастыру сіздердің қолдарыңызда», - деді Эни Фалеомаваега. Осы орайда халықаралық қатынастар факультеті деканының орынбасары Альбина Сапарбайқызының университет жанынан ядролық қаруды таратпауға қатысты орталық ашайық деген ұсынысына келісетіндігін білдірді.

Американдық конгрессмен ядролық сынақтарға белсенді қарсы шығып жүрген АҚШ-тың құрметті заң шығарушыларының бірі болып табылады. Сонымен бірге, университеттің «ҚазҰУ Достар клубына» қабылданып, сый-сияпатпен марапатталды.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі