ҚазҰУ-ға ҚР Жапония Елшілігінің өкілдері келді

17.07.2013

Көрулер: 2439

ҚазҰУ ғалымдары мен ҚР Жапония Елшілігінің өкілдері Төтенше және өкілетті елші Юдзо Харада және екінші хатшы Наото Канацу арасында кездесу өтті.

Кездесу барысында ҚазҰУ мен Жапония университеттері арасындағы білім беру саласындағы әріптестік, ғылыми зерттеулер және халықаралық байланыс жөніндегі мәселелер қарастырылды. Осы орайда, факультет декандары ҚазҰУ студенттері мен магистранттары Жапония атомдық энергия агенттігінің келісімі негізінде оқу бағдарламасымен барып, Жапонияда ғылыми-зерттеу тағылымдамасынан өтіп жатқандарын, PhD докторанттар жапондық ғалымдардың жетекшілігімен жұмыс істеп, оқытушы-профессорлық құрам Жапонияға халықаралық конференциялар жұмыстарына қатысуға, біліктілікті арттыру курстарына, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге барып тұратындығын тілге тиек етті. Екі ел арасындағы тығыз қарым-қатынас күннен күнге артып келеді. ҚазҰУ жанынан Ядролық DATA-орталық ашылған. Токия университетімен бірлесе наноспутник жасау жобасы жасалды және т.б. Шығыстану факультетінің жапонтану кафедрасы жапон тілі мамандарын ҚазҰУ-ға шақырады.

Жапония елшісі өз кезегінде университет басшылығына ризашылығын білдіріп, алдағы уақытта да университеттер арасындағы байланыстың тек нығаюына тілектес екенін айтты. «ҚазҰУ-ға менің екінші рет келуім. Біздің үкімет жапонтанушы мамандар даярлауға және ядролық энергетика саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарына көп көңіл бөледі. Сондай-ақ, мен ҚазҰУ-дың түлегі болып табылатын дипломаттарды білемін, олар қазір Жапонияда қызметте жүрген азаматтар. Ал арадағы байланыс жылдан жылға тек арта түседі деген сенімдемін», - деді Юдзо Харада.

Бүгінде ҚазҰУ Жапонияның Токия Агромәдениет және технология университеті, Токия технологиялық институт, Осака халықаралық қатынастар университеті, Цукуба университеті, Токия университетінің инженерия мектебі, Васэда университеті, Сайтама Университеті, Жапония атомдық энергия агенттігі және Жапондық қоры сияқты ұйымдары мен жоғары оқу орындарымен әріптестікті жалғастырып келеді.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі