ҚазҰУ студенттік құрылыс жасағы құрылтайының ашылу салтанаты өтті

29.06.2013

Көрулер: 1883

«Жастар алаңында» ҚазҰУ студенттік құрылыс жасағы құрылтайының ашылу салтанаты өтті. Дәстүрге айналған жиында «Алға, ҚазҰУ құрылыс жасағы!» деп ұрандаған жастар еңбекқорлықтың үлгісін таныта білді.


«Жас келсе – іске» деген дана халқымыз қашан да ұрпағын еңбекке баулыған. «Еңбек етсең ерінбей, Тояды қарның тіленбей» деген халық сөзінің мағынасы да терең. Осы ұстанымды берік ұстап, жастарды еңбексүйгіштікке үйрететін жасақтың биылғы еңбек маусымына 107 студент қабылданған. Оның 45-і ер жігіттер болса, 62-сі – тал шыбықтай тербелген бойжеткендеріміз. Олар денсаулығы мен еңбекке қабілеттілігіне, белсенділігіне қарай іріктеліп алынған. Сонымен қатар жұмысқа алуда студенттің әлеуметтік жағдайы да ерекше ескерілген.

« Жазғы жұмыс кезеңі 1 маусым мен 25 тамыз аралығын қамтиды. ҚазҰУ-дың Студенттік құрылыс жасағына енген студенттер жұмыс маусымы барысында университет тарапынан бір уақыт тегін тамақпен, арнайы киім формасымен қамтамасыз етіліп, жатақханада тегін тұруына мүмкіндік жасап отыр. Енді студенттік құрылыс жасақтары оқу басталғанға дейін айлық жалақымен жұмыс істейді. Құрылыс жасағы студентінің айлық жалақысы орта есеппен 40000 теңгені құрайды», – дейді СҚЖ штаб бастығы Жұмағали Бейсенбайұлы.

Студенттер ҚазҰУ қалашығының қорғауға алынған көгалды аймақтарын тазартып, жатақханалар мен оқу ғимараттарына керекті құрылыс материалдарын өндіріске шығарып бастауда. Нақты тоқталар болсақ, құрылыс жасағы ҚазҰУ қалашығы аумағын тазарту, абаттандыру жұмыстарын атқарады. Қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып, Студенттік кампустағы барлық 13 жатақхана мен оқу ғимараттарында және Ректорат ғимаратының бөлмелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Эксперименталды өндірістік орталыққа жиһаз жасау жұмыстарына қажетті материалдарды тасып, жинайды. Өнімді әрі нәтижелі еңбекке қол жеткізген жасақ студенттеріне арнайы марапаттаулар да болмақ.

Жалпы елімізде студенттік құрылыс жасақтары өз жұмыстарын 1969 жылдары бастаса, ҚазҰУ-да алғашқы Студенттік құрылыс жасағы 1963 жылы құрылған. Олар еліміздің қалалары мен ауылды елдімекендер құрылысына белсенді үлес қоса отырып, Өзбекстан, Моңғолия, Ресей, Украина, Қырғызстан, Молдова, Белорусияда еңбек етті. Ендеше, қалашығымыздың, қалаларымыздың көркеюінде қашанда студенттер үлесі зор болды.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі