Әскери кафедра курсанттары ант берді

28.06.2013

Көрулер: 4174

ҚазҰУ-да әскери кафедра түлектерінің ант қабылдау рәсімі өтті. Биыл кафедрада әскери оқудың толық курсынан өткен 351 түлек Отан алдында адалдыққа ант берді. Сонымен қатар әскери кафедраны үздік тәмамдаған курсанттарға, оқу бағдарламасы бойынша запастағы офицерлерге «лейтенант» әскери атағы құрметпен табысталды.


Салтанатты шараға Бірінші проректор М. Мырзабайұлы, отставкадағы генерал-майор В. Сапсай, ҚР ХАТУ оқу-әдістемелік жұмыс және тіркеу бөлімінің бастығы А.Рысбекова, сондай-ақ Ұлы Отан соғысы мен ҚР Қарулы күштерінің ардагерлері, факультет декандары мен оқытушылары, курсанттардың ата-аналары қатысты.

Әскери кафедра бастығы Е.Ишанов: «Ант қабылдау – әскери кафедра түлектерінің өміріндегі аса маңызды әрі жауапты сәт. Олардың әскери болу шешімі құрметтеуге лайық және оларға үлкен жауапкершілік жүктейді. Ол – бүгін ант беру, ал ертең өз Отаныңды қорғауға дайын болу. Себебі қай заманда болмасын Отан қорғау –әрбір ер-азаматтың биік мұраты және қасиетті борышы болмақ. Біздің түлектердің де халқымыздың даңқты әскери дәстүрін абыроймен жалғайтынына сенемін, – деп курсанттарды құттықтай отырып, отаншылдыққа үндеді.

Іс-шараға қатысушылар назарына саптық және арнайы дайындық қимылдары ұсынылды. ҚР аэромобильді әскер бөлімшесі қоян-қолтық ұрыс элементтерін көрсетсе, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институт курсанттары қарумен түрлі тәсілдер жасап, қайран қалдырды, сонымен қатар қару үлгілері мен әскери техника көрмесі ұйымдастырылды. Сондай-ақ әскери кафедра және әскери оркест орындауындағы әскери-патриоттық әндер көпшілікке жігер беріп, шара соңында түлек-курсанттар мерекелік вальс ырғағында тербелді.

ҚазҰУ әскери кафедрасы 1934 жылы Қызыл әскердің бөлімдері мен байланысы үшін әскери дайындық тобын әзірлей мақсатында құрылған болатын. Әскери кафедрадағы дайындау үлгісі жастар арасында мемлекеттік-патриоттық тәрбие деңгейін көтеруге әсер етеді. ҚазҰУ-дағы әскери дайындықты ҚР азаматы болып табылатын, әскери қызметке денсаулығы жарамды, факультетте табысты білім алып жатқан және арнайы іріктеуден өткен – университеттің барлық күндізгі бөлімінің студенттері қалауы бойынша өте алады.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі