Республикалық "Айқын" газеті

28.06.2013

Көрулер: 2268

Әлемдік танымал «Коника Минолта» компаниясы ҚазҰУ-да озық технологиялар зертханасын ашады.


Келісім «Коника Минолта» (Еуропа Биз­нес Солюшенс Бөлімі) компаниясы делегаттарының университет басшы­лы­ғымен кездесуі барысында жасалды. ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов «осы меморандумға қол қою және зертхана ашу арқылы университетіміз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемле­кет­тің жаңа саяси бағыты» Жолдауында айтылған бағдарламалық тезистерін басты бағытқа алатынын дәлелдеп отыр. Бұл оқу бағдарламаларына жаңа оқу техноло­гия­ларын енгізу, өндірістік тәжірибені бекіту, ғылым мен бизнестің толыққанды коопе­рациясы, жұмыс берушілерді оқу үдерісіне тарту болып табылады, – деді.

«Біз ҚазҰУ-да озық технологиялармен жабдықталған зертхана жасаймыз. Онда университет студенттері білім алып, тә­жірибе жинақтап, заманауи полиграфия­лық және ІТ саласында өз біліктіліктерін арттыра алады. Бұл жастардың еңбек на­рығында бәсекеге қабілеттілігін арттыруда пайдалы болады» деді «Коника Ми­нолта» бизнес операциясының бас менед­жері Акира Фуджита.
Жапондық компания өз тарапынан лабораторияны жабдықтармен қамтамасыз етуге дайын екендіктерін білдірді. Сондай-ақ ҚазҰУ студенттері алдыңғы қатарлы технологияларды лабораторияда өтетін тәжірибелік сабақтарда және де Коника Минолта Академиясының онлайн-курс­тары арқылы оқып-білуге мүмкіндік ал­мақ. Оқу мерзімі аяқталғанннан кейін үз­дік студенттер компанияның еуропалық бөлімшелерінде машықтанудан өтетін болады.

«Коника Минолта» – жапондық хол­динг, фотоқұралдарын, факс аппарат­тарын, лазерлі принтер, медициналық және өлшеуіш құрал-жабдықтарын, опти­калық компоненттерін шығаратын әлем­дегі жетекші өндіруші болып табылады. Бей­нелеу саласындағы құрылғылар жасауда көшбасшы бола тұра, компания толық түрлі-түсті баспа өнімдерін, кеңсе және ұйымға қажет өнімдер шығаруға да көңіл бөліп келеді.