Алғашқы «қарлығаштар»

21.06.2013

Көрулер: 1906

Бүгін Ғылым ордасында өткен салтанатты рәсімде алғашқы философия докторларына (PһD) және профессор, қауымдастырылған профессорларына дипломдар салтанатты түрде берілді. Бұл Қазақстанда ғылыми кадрларды даярлаудың жаңа үлгідегі алғашқы «қарлығаштары».

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің вице-министрі М. Орынханов арнайы қатысты. Ғылыми дәреже мен ғылыми атақтарды Алматыдағы ЖОО-лардың 86 PhD докторы, 4 профессор және 4 қауымдастырылған профессор, 44 түлек әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дан алды. Бұл жаңа үлгідегі ғылыми кадрлардың алғашқылары. Олардың әрқайсысын жеке-жеке оңтүстік астанамыздың қатардағы жоғары оқу орындары даярлады – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, ҚазҰАУ, Қ.И.Сәтпаев атындағы ҚазҰТУ, Абай атындағы ҚазҰПУ, Т. Жүргенов атындағы ҚазҰӨА, ҚБТУ және С.Демирел атындағы Қазақ-түрік университеті.

Елімізде PhD докторантура моделінің енгізілуі 2005 жылдан басталған. 2011 жылдан бастап Қазақстан Республикасы «Ғылым туралы» Заңына сәйкес философия докторы (PhD) ғылыми дәреже ретінде саналады.

«Соңғы екі жылдың ішінде ЖОО-да 450-ге жуық докторанттар оқу бағдарламасын толық аяқтады, оның 194-і диссертацияларын қорғап шықты. Қазіргі таңда оның 189-на философия докторы (PhD) ғылыми дәрежесі берілді. PhD докторантураға мемлекеттік тапсырыс біртіндеп көбейтілуде, ағымдағы жылда ол 500 орын болса, 2015 жылы – 1000, ал 2020 жылдары 2000-ға дейін өседі», -деді вице-министр Мұрат Орынханов.

Ғылыми кадрларды даярлаудың жаңа моделі аясында және ең үздік ұлттық және әлемдік ғылыми тәжірибе негізінде қазақстандық ғылымның жаңа имиджі қалыптасуда.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі