Ғылыми-зерттеу институты мен университет арасында байланыс артып келеді

14.06.2013

Көрулер: 1963

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ биология және биотехнология факультеті мен Ө.О.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институты арасында тығыз шығармашылық қарым-қатынас орнады.


Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институты «Экология» мамандығы студенттерінің өндірістік практикасының негізгі базаларының бірі болып табылады. Жылда келісім-шарт бойынша 3-4 курстың 10-15 студенті өндірістік практикаларын осында өткізеді. Қазіргі таңда институттың әрбір бөлімдерінде биология факультетінің «Экология» мамандығын бітірген түлектер қызмет істейді.

Биыл Топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институты Ө.О.Оспанов атындағы стипендия тағайындап, 3-курс студенттерінің арасында топырақ экологиясы тақырыбына арналған ғылыми жұмыстарға байқау жариялады. Оған басқа ЖОО студенттерімен қатар, биология және биотехнология факультетінің 13 студентінің жұмысы қабылданды. Институт директорының бұйрығымен құрамында директордың орынбасары Б.У. Сүлейменов, ғылыми қызметкелер Э.Қ. Мырзакеев, С.Б. Досбергеновтар бар сарапшы топ құрылды. Олар байқауға қатысқан студенттердің жұмыстарын бағалап, 1-орынды А.Байболоваға, 2-орынды Н. Жабаевқа, 3-орынды Г.Еліпбайға берді. Жүлделі орын алғандардың барлығы университет студенттері.

Студенттерді марапаттау алдында институт директоры Ө.О.Оспанов туралы мәлімет берді. Ө.О.Оспанов жасынан үздік оқып, ғылымға құштарлық көрсеткен. Мәскеуде аспирантурада оқып, Қазақстаннан тұңғыш топырақтану ғылымынан кандидаттық диссертация қорғаған. Ресейден Қазақстанға оралып, сол кезде Қ.И. Сәтпаев басқарған Республиканың Ғылым академиясының ғылыми хатшысы қызметін атқарған. 1946 жылы Қазақстанның Ғылыми академиясы құрамында Топырақтану институтын ұйымдастырып, оны 18 жыл басқарған. Тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде (1954-1960 ж.ж.) егіншілікке жарамды жерлерді іріктеп, совхоздар мен колхоздарды ұйымдастыруға белсенді қатысқан. Бірнеше ордендермен, медальдармен марапатталған. Қазақстанның ғылымына еңбек сіңірген қайраткер атағына ие болған. Осындай атақты ғалымның атынан стипендия жариялап, әр жыл сайын топырақ зерттеуіне арналған студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарына байқау жалғасын табатынын жеткізді ол.

Факультет атынан А.Е.Ережепов ғылым мен білім арасындағы байланыстың студенттерге ауадай қажет екеніне тоқталып, келешекте Топырақтану институтына табыс тілеп, алғысын білдірді.

Биология және биотехнология факультеті