"Қазақпарат" ұлттық ақпарат агенттігі

13.06.2013

Көрулер: 1494

12 Маусым 2013, 15:40
Назарбаев университеті мен Қазақ ұлттық университеті өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды
1/2

АСТАНА. 12 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада басталған жоғары білім беру саласы көшбасшыларының II Еуразиялық форумы аясында Қазақстанның екі іргелі оқу ордасы - Назарбаев университеті мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандум рәсімделді.

Аталған құжатқа екі университеттің ректорлары - Шигео Катсу және Ғалымқайыр Мұтанов қол қойды. «Қазірдің өзінде Назарбаев университетінде білім берудің озық тәжірибесі жинақталған. Болашақта ол Кембридж, Оксфорд сияқты Қазақстанның да мақтанышына айналады. Сондықтан біз де оның үшжылдық тәжірибесін өзімізге тартып, енгізуіміз керек. Біздің университетіміздің 80 жылдық тарихы бар. Ол уақыттың ішінде біздің белгілі бір дәстүріміз қалыптасты. Енді, ол дәстүрмен қатар инновацияны да кеңінен қолдану қажет. Әрине, біз шетелдік университеттермен әріптестік байланыстар орнатып келеміз. Алайда өзімізде бар тәжірибені үйлестіріп, бірге дамитын болсақ, ұтатын жеріміз көп», - дейді әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғ.Мұтанов.

Айта кетейік, меморандум аясында өзара студент алмасып, екі жақтың зертханалары негізінде оқытушылардың кәсіби біліктілігін арттыру көзделген.