ҚазҰУ-да жаңа оқу жылында жаңа медика-биологиялық орталық ашылады

05.06.2013

Көрулер: 2243

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті мен Ёнсе (Оңтүстік Корея) университеті жанындағы «Кангнам Северанс» клиникасы медика-диагностикалық орталығының ашылуы туралы келісім шартына қол қойды.

Қазақстанның оқу орнына арнайы келген Оңтүстік Корейлік делегация іс сапарлары барысында «Кангнам Северанс» клиникасы медика-диагностикалық орталығының ашылуы туралы меморандумға ҚазҰУ ректоры академик Ғалым Мұтанов пен «Кангнам Северанс» клиникасының директор орынбасары Ким Сонг Мун қол қойды.

Орталық өз жұмысын жаңа оқу жылында бастайды. «Кангнам Северанс» клиникасы орталықты 750 млн. теңге көлемінде қаржыландырып, медициналық құрал-жабдықтармен және әлемдік стандарт сапасына сай қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді. Ол кампус аумағында құрылысы жүріп жатқан студенттерге қызмет көрсету орталығында орналасады.

«Оқытушылар мен студенттер заманауи жоғарғы технологиялық құрал-жабдықтармен медициналық көмек ала алады. Орталықта толық диагностиканы өткен соң, қажет болған жағдайда Оңтүстік Кореяның «Кангнам Северанс» клиникасында жеңілдікпен емделе алады. Сонымен қатар Ёнсе университеті ҚазҰУ-дың медика-биологиялық кластеріне маман даярлау бағдарламасына атсалысады», - деді кездесу барысында «Кангнам Северанс» клиникасының директор орынбасары Ким Сонг Мун.

2011 жылы тамыз айында Корея Республикасының президенті Ли Мен Бактың Қазақстанға арнайы іс сапарында Қазақстан және Корея Республикаларының денсаулық сақтау министрлері ҚазҰУ-да медика-биологиялық кластер құру меморандумына қол қойды. Диагностикалық орталық осы жоба аясында ашылады. Бұл жоба биология және биотехнология факультеті базасында іске асырылып, биомедецина бағытын дамыту болмақ.

«Халық денсаулығы және денсаулық сақтаудың жай-күйі – еліміздің әдеуметтік-экономикалық кезеңінің көрсеткіші болып табылатын басты факторлардың бірі. Ел Президентінің «Қазақстан-2050» Стратегиясында университеттерге тиімді инновациялық инфроқұрылым жасау, ғылымға инвестиция тарту, өмірге инновациялық ғылыми зерттеулердің нәтижесін ендіру міндеттері қойылған. ҚазҰУ-да медика-биологиялық кластерді құру технологиялық жетістік әрі ғылыми-зерттеу жұмыстарын жасап, тәжірибеге ендіруге жол ашады», - дейді ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов.

ҚазҰУ қалашығында 55 мың ш.м. құрайтын заманауи аурухана, ғылыми-зерттеу зертханасы, қажетті инфрақұрылымы бар медициналық орталық салынады. Бұл жобаны қаржыландыруға 22,8 млрд. теңге шетелдік инвестиция тартылады. Бүгінде жоба-сметасының құжаттамалары, құрылыс жұмыстарын 3 жыл көлемінде аяқталады деп күтілуде.

Жобаның іске асуына Сеул Ұлттық университеті, Ёнсе (Оңтүстік Корея) университеті жанындағы «Кангнам Северанс» клиникасы, Корё университеті, Қазақстан, Оңтүстік Корея, Гонконг және Сингапурдың инженерлік-жобалық, құрылыстық және қаржылық кампаниялар тартылуда.

«Кангнам Северанс» клиникасы 130 жыл бұрын құрылған, бұл елдегі батыстық үлгідегі бірінші медициналық мекеме, заманауи корейлік медицинаның дамуына негіз болан. Клиника барлық медициналық қызмет түрлерінен көмек көрсетеді. Ал табыстың бір бөлігі халықтың әлеуметтік деңгейі төмен бөлігінің емделуіне беріледі.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі