"Қазақпарат" ұлттық ақпарат агенттігі

05.06.2013

Көрулер: 1518

05 Маусым 2013, 08:01
Академик К. Нәрібаевтың өміріне арналған кітап жинағы жарық көрді
АЛМАТЫ. 5 маусым. ҚазАқпарат - 5 маусым күні Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде экономика ғылымдарының докторы Көпжасар Нәрібаевтың өміріне арналған «Өнегелі өмір» атты университеттік кітап жинағының тұсаукесері өтеді.

Бұған дейін бұл жинақ Ө.Жолдасбеков, М.Барманқұлов, О.Сүлейменов, З.Қабдолов, Т.Кәкішев, С.Зиманов, Т.Амандосов, К.Смаилов, Ә.Нұршайықов сияқты бірқатар белгілі тұлғаларға арналған болатын. Ғалым 30-ға жуық кітаптың, оқулықтар мен оқу құралдарының, 300 ғылыми жұмыстың авторы.

1938 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген әйгілі педагог, мемлекет және қоғам қайраткері 3 маусымда 75 жасқа толды. 1960 жылы жоғары оқу орнын бітіріп, кандидаттық диссертация қорғаған ол Алматы халық шаруашылығы институтында көп жылдар бойы аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі, факультет деканы, ғылыми жұмыстар бойынша проректор қызметтерін атқарды. Ал 1980 жылы экономика ғылымдары бойынша докторлық диссертация қорғап, екі жылдан сон профессор атағын иеленді. 1983-1986 жылдары Қазақ КСР Жоғары және арнаулы орта білім министрлігінің орынбасары, Қазақ КСР Ғылым академиясының Экономика институтында жетекші ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі болды. Қазақ КСР Министрлер Кеңесі экономиялық реформалар жөніндегі Мемлекеттік комиссия төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Ал 1991 жылы өзі жоғары білім алған С.Киров атындағы ҚазМУ ректоры болып тағайындалды. Көпжасар Нәрібайұлының 10 жылдық басшылық қызметі кезінде университет көптеген жетістіктерге жетті. Атап айтқанда ұлттық жоғарғы оқу орны мәртебесіне ие болып, әлемге әйгілі ойшыл әл-Фарабидің есімін алды.