"Дала мен қала" республикалық апталық газет

03.06.2013

Көрулер: 1912

Сапалы білім – келешектің кепілі

Баян ЕРМЕКБАЕВА,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-діңэкономика және бизнес жоғары мектебінің деканы,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Елдің экономикалық деңгейі мен оның әлемдік бәсекелестік ұстанымы бірінші кезекте оның адамдарының сапасына – адами капиталға байланысты. Жаһандану жағдайында әлемдік бәсекелестікке төтеп беру үшін Қазақстанда адам капиталына аса зор көңіл бөлінуде.

Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Жаңа әлемде-гі – жаңа Қазақстан» атты Жолдауында адам капиталының сапалы өсуін қамтама­сыз ету­де күрмеуін шешу қажет бірнеше ба­ғыт­тар анық сипатын алды. Халықаралық талаптарға сай мамандар даярлауда оқу үдерісінің заманауи әдістері мен технологиясын енгізу арқылы білім беру сапасын да халықаралық дәрежеге жеткізу – бүгінгі күн талабы екені баршаға аян.

Адам капиталының сапалы өсуі білім беру жүйесінің негізгі мақсаты екенін бәріміз түсінеміз.

Білім мен ғылым саласын дамыту еге­мен­ді ел болғалы бері 20 жыл ішінде ешқа­шан Президентіміздің назарынан тыс қал­ған емес. Сонау қысылтаяң күндерде 1994-95 жылдары Президенттің халықара­лық «Бо­лашақ» бағдарламасы іске асты. Тәуел­сіздіктің 20 жылы ішінде білім беру саласын бюджет тарапынан қаржыландыру көлемі 200 есеге өскен. Ресми деректерге сүйенсек, бұл салаға 1991 жылы 33 мил-лион АҚШ доллары көлемінде қаржы бө­лін­ген болса, 2011 жылы білім саласына бө­­лін­ген мемлекеттік қаржы триллион теңгеден асты. Нәтижесінде білім саласы үлкен серпінмен дамуда.

Қазақстан ТМД елдерінің алғашқысы болып маман дайындаудың үш деңгейлі сатысына: бакалавр – магистр – PhD философия докторы үлгісіне көшті. Бұл Қазақстан үшін әлемдік стандартқа сай білім алу мүм­кіндігін туғызды, білім сапасын жақ­сартуға ықпал етті.

«Білім беруді дамытудың 2020 жылға дейінгі Мемлекеттік бағдарламасы» еліміз­дің білім беру жүйесінің жұмысын заманауи талаптарға сай, түбегейлі өзгертудің сара жолы десек, артық емес деп ойлаймыз.

Қазақстанның әлемнің бәсекеге қабі­летті 30 елдің қатарына кіру стратегиясы біздің жоғары білімнің сапасының дең­гейіне, сонымен бірге ЖОО-ның миссиясын түсінуге деген көзқарастарды түбегейлі өзгертуі тиіс. Дәстүрлі университеттер ен­дігі уақытта тек білім беру мен ағартушы­лық қызметті жүзеге асырып қана қоймай, инновациялық функцияны іске асыра отырып мемлекеттілік пен азаматтық қоғамды нығайтуға мүмкіндік жасайды.

Қазақстан Республикасының Прези­денті – Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев өзінің «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси ба­ғыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Дамыған бәсекеге қабілетті мемлекетке айналу үшін біз жоғары білімді ұлт болуымыз қажет», – деп бекер айтқан жоқ. Жолдауда білім және ғылым саласындағы алға қойылған міндеттер ауқымы едәуір кең. Жолдауды жүзеге асырудың жалпы­ұлт­тық іс-шаралар жоспарында білім беру және ғылым мәселелеріне барлық міндет­тердің үштен бірінің арналуы өте орынды және осы саладағы мамандар үшін үлкен жауапкершілік.

Қазақстандық ғылым экономика қа­жет­тіліктеріне бағдарланған болуы тиіс. Осы орайда, Жолдауда Президент екі ең маңызды мақсатты атап көрсетті: біздің зерттеулерімізді әлемдік деңгейге жеткізу және ғылымның инновациялық процеске тікелей байланысын қамтамасыз ету.

Шынында да білім мен ғылым – келе­шек­тің кепілі екендігі рас. Ғылым білімді өндірсе, білім алу секторы білімді тарата отырып, жұмыс күші мен халықтың сана­лық сапасын арттырады. Ғылымның қоз­ғаушы күші – білім. Білім мен ғылым бірге болғанда ғана нәтижелі болмақ, яғни жас­тар­ға білім бере отырып, оларды ғылымға бейімдеу қажет екендігі өмірлік мәні бар тұжырым.

Осы орайда, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ұжымы еліміздің алдында тұрған мақсат-міндеттерді жақсы түсіне қабылдап, іске асыруды бастап та кетті. Биылғы Жолдау әрбір студенттік топта, кафедралар мәжілісінде, факультет­тер­дің және университеттің Ғылыми кеңесінде жан-жақты талқыланды. Университеттің барлық кафедралары, факультеттері өз­дерінің ұжымдарында «Қазақстан – 2050» Стратегиясын жүзеге асырудың арнайы бағдарламаларын жасап бекітті. Осы негіз­де ҚазҰУ-дың стратегияны жүзеге асыру бойынша нақты жоспары даярланып, уни­вер­ситеттің Ғылыми мәжілісінде бекітілді. Университеттің ең басты мақсаты – бәсекеге қабілетті маман даярлау, елінің патриот азаматтарын тәрбиелеу екендігін түсіне оты­­рып, бүкіл қазақстандықтардың бола­ша­­ғы­­ның бағдаршамы болып отырған «Қа­­­зақ­стан – 2050» Стратегиясын жүзеге асыру.

Жолдаудағы мына тұжырымдар ЖОО-ға арналғаны айқын: «Біз қалайтындардың барлығы үшін қашықтықтан оқытуды және онлайн режімінде оқытуды қоса, отандық білім беру жүйесіне инновациялық әдіс­терді, шешімдерді және құралдарды қар­қынды енгізуге тиіспіз. Ескірген немесе сұранысы жоқ ғылыми және білім пәндері­нен арылу, сонымен бірге сұранысы көп және болашағы бар бағыттарды күшейту қажет. Орта және жоғарғы білім берудің оқу жоспарларының бағыттылығы мен басымдықтарын оларға тәжірибелік ма­шық­тарға үйрету бойынша және тәжіри­белік біліктілікке ие болу бағдарламаларын қосып өзгерту. Кәсіпкерлікке бағдарланған оқу бағдарламаларын, білім беру курстары мен институттарын құру». Жолдаудағы бұл қойылған мақсаттар аясындағы іс-шаралар біздің университетте жақсы қарқында іске асырылуда. Нақты айтсақ, мемлекеттік стан­дарттан тыс, әлемнің ең үздік оқу орын­­­дарының және «Назарбаев Универ­ситетінің» тәжірибесіне сүйене отырып ҚазҰУ-дың өзіндік эксперименттік оқу жос­парлары мен оқу бағдарламалары жасалды, соған сәйкес оқу ісі жүзеге асырылуда. Мұндағы мақсат – студенттердің акаде­мия­­лық мобильділігін қамтамасыз ету; ха­­лық­аралық білім кеңістігіне шығу; білім беруде инновациялық ізденісті, оқытудың жаңа тәсілдерін кеңінен енгізу; бәсекеге қабілетті, заман талабына сай кадрларды даярлау.

Сонымен қатар, оқу жүйесіне әлемдік стандарттар енгізілді. Олар оқытудың кә­сі­би машықтық және модульдік қағидалары, пәнаралық және мәселеге бағытталған оқыту біліктілік құзыреттілік қағидасы.

«Қазақстан – 2050» Стратегиясында ЖОО-ға барлық мамандықтарға арналған білім беру бағдарламасын түбегейлі қайта қарастыру керектігі атап көрсетілген болатын. Осыны басшылыққа алған ҚазҰУ-да заман талабына сай өзгерістер енгізіліп, негізгі оқу жоспарын қайта қарастыру қолға алынды. Халықаралық STEM стандарты енгізілді.

Оқу сапасын жақсарту мақсатында 2011 оқу жылынан бастап ҚазҰУ сұраныс жоқ мамандықтарды қысқартып, сонымен қа­тар педагогикалық мамандықтарын даярлаудан өз еркімен бас тартты, яғни оқуға қабылдау тоқтатылды. Бұл Елбасының Жолдауда қойған талаптарын іске асыру­дың бір дәлелі деп тануға болады. Оқу сапасына әсер ететін көрсеткіштердің негіз­гісінің бірі – оқуға түсуші абитуриенттердің білім деңгейі. Жоғарыдан ешқандай нұсқау күтпей, білім беру сапасын арттыру мақ­сатында ҚазҰУ 2011 жылдан бастап Ғы­лы­ми кеңес шешімімен мектеп бітірушілердің ҰБТ балы бойынша 70 балдан төмен ал­ға­нын және колледж бітірушілерінің орташа балы 4,0-ден төмен болғанын оқуға қа­был­дауды тоқтаттық. Бұл мәселені Білім және ғылым министрлігі ұлттық университеттер үшін 2012 жылдан бастап бекітті. Сонымен қатар, стратегияда білім берудің онлайн жүйесін енгізу көрсетілген. ҚазҰУ-да бұл істі 2011 жылдан бастап іске асыруда. Бү­гін­гі таңда жоғары білімді азаматтар жоғары аралық қашықтықта оқыту жүйесі бойынша жаңа мамандық алуға мүмкіншілігі бар.

Бүгінгі таңда ҚазҰУ әлемдік білім беру кеңістігінде өз орнын алды: қос дипломдық білім беру жүйесі енгізілді. Бірнеше ма­мандықтар бойынша ТМД елдерінде Ресей халықтар достығы университетімен, Ново­сібір, Томск, алыстағы шет елдер: АҚШ-тың Колумбия университеті, Францияның Страссбург менеджмент мектебі, Вален­сияның политехникалық университеті, Ланьчжоу т.б. университеттермен қос дипломдық бағ­дарлама іске қосылған. Алғашқы түлектері­міз дипломдарын да алды.

Елбасы «Жоғары оқу орындары білім беру қызметімен шектеліп қалмауы тиіс. Олар қолданбалы және ғылыми зерттеу­шілік бөлімшелер құруы және дамытуы қа­жет» деп атап көрсетті. ҚазҰУ халықара­лық Еуро Одақ сарапшыларының сараптау нә­тижесі бойынша ғылыми техникалық және инновациялық потенциалы жағынан Қа­зақстандағы жоғары оқу орындарының көшбасшысы деп танылды. Қазіргі таңда тек гранттық қаржыландыру бойынша 4,0 млрд. теңгеден аса көлемде ғылыми жобалар зерттелуде. Біз ғалымдардың халық­ара­лық рейтингтік ғылыми журналдарда жария­лан­ған еңбектерінің саны жағынан барлық қазақстандық жоғары оқу орында­рының алдындамыз. Токио университеті ғалым­дарымен бірігіп университет ғалым­дары теңдесі жоқ алғашқы университеттік НАНО спутнигін дайындауда. Студенттік бизнес инкубатор ашылды. Бұл студент­тердің бизнес жобаларын іске асырудың инновациялық инфрақұрылымдық алаңы. Қазіргі таңда университетте техникалық ғылымдар бойынша 8 ғылыми зерттеу орталықтары жұмыс жасайды.

Мемлекет Басшысы өз Жолдауында экономикалық дамудың бір ғана жолы – инновациялық даму деп атап көрсеткен. Сондықтан дамудың жаңа экономикалық құралдарын енгізу, шағын және орта биз­несті ынталандыру, жаңа салық саясаты мен салық жүйесін қалыптастырудың мә­се­лелерін ғылыми тұрғыдан дәлелдеу мақ­сатында ғылыми зерттеулер жүргізудеміз. Жұмыс берушілердің сұранысына және жаһандық экономиканың талабына жауап беретін жаңа мамандықтар ашылды: «Ин­новациялық кәсіпкерлік», «Инновация­лық менеджмент», «Жобаларды басқару».

Жаңа экономикаға сапалы дайындалған экономистер қажеттілігі айтпаса да түсі­нік­ті. Әлемдік бәсекелестікке төтеп бере алатын маман, өзінің кәсіби білімімен қатар, бірнеше тілді меңгерген және сапалы тәжірибе жинаған маман деп түсінеміз.

ҚазҰУ-дің «Экономика және бизнес» жоғары мектебінде білім беру қазақ, орыс және ағылшын тілінде жүргізіледі. Бакалавриатта арнайы ағылшын топтары ашылған. Магистратура мен докторантурада сабақтар негізінен ағылшын тілінде жүр­гізіледі. Ағылшын топтарында дәріс оқуға өзіміздің профессор-оқытушыла­рымызбен қатар, ірі компаниялар мен қар­жы ұйымдарында қызмет жасайтын тәжірибелі мамандар. Президенттік «Бола­шақ» бағдарламасы аясында шетелде білім алып, қаржы-несие саласында еңбек етіп жүрген шетелдік тәжірибесі бар түлектер, сонымен қатар шет елдердің танымал уни­верситеттерінің профессорлары келі­сімшарт негізінде дәріс оқиды, магистрлік және докторлық диссертацияларға жетек­шілік етеді.

Экономиканың өзекті мәселелері бо­йынша белгілі тақырыптарға лекция оқуға компаниялар, банк басшылары, мемлекет қайраткерлері шақырылады. Атап айтсақ: ҚР Мәжіліс депутаты Г.Қарағұсова, Қазақ­стан Республикасы Ұлттық Банк төрағасы Г.Марченко, Халық Банк басқарма бастығы Ү.Шаяхметова, «Даму» Акционерлік қоға­мының басқарма бастығы Ғ.Лесбеков т.б. өте қызықты және маңызды дәрістер оқып, кездесулер өткізді.

Біздің университетте студенттерді әлеу­­меттік қолдау ісі жақсы жолға қойыл­ған. Оқу үлгерімі жақсы, қоғамдық жұмыс­тарға белсене қатысып, әлеуметтік жағынан мұқтаж студенттерге жұмыс берушілер тарапынан, оқуды бітіріп қызмет жасап жүрген түлектеріміз тарапынан материал­дық қолдау көрсетіліп тұрады. Студенттерге «Экономика және бизнес жоғары мектебі» бойынша ағымдағы оқу жылында 5 млн. теңгеден аса мөлшерде қосымша әлеуметтік көмек көрсетілді.

Тағы бір айта кететін іс, ал ақылы бө­лім­де оқитын студенттер үшін, оқу үлгері­міне қарай оқу ақысынан жеңілдіктер қарастырылған.

Яғни, сапалы білім іздеген, саналы студентке мемлекет және университет тарапынан барлық жағдай жасалған. Ендігі мәселе жастардың өзінде. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», – деген аталы сөзді жас­тар есінен ешқашан шығармаса екен дейміз.