Бейіндік мектепті тұңғыш түлектері тәмамдады

27.05.2013

Көрулер: 1994

25 мамырда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың бейіндік мектебінің тұңғыш бітірушілеріне арналған «Сыңғырла, қоңырау, тағы да...» атты іс-шара өтті. Бұл күні көңілдерін қимастық сезімі билеген мектеп түлектері, ұл-қызын жетелеген ата-ана, шәкірттерін үлкен өмірге шығарып салғалы тұрған ұстаздар жиналған шараға Алматы қаласының Алмалы аудандық өкілдері, университет пен мектеп әкімшілігінің құрметті қонақтары қатысты.


Бітіруші түлектерді ортаға шақырып, әнұран орындалғаннан кейін «Соңғы қоңырауға» арналған жиын салтанатты түрде ашылды.

Салтанатты кешке келген құрметті қонақтардың бірі, ф.ғ.к., доцент Бахыт Балашқызы және Молдахан Тұрарханұлы бітірушілерге әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қазақстан Республикасындағы жоғары оқу орындары арасында алғашқылардың бірі болып университеттің бейіндік мектебін ашып, қазақстандық білім беру жүйесінде бейіндік оқытуды енгізу мәселесін жүзеге асырып отырғандығын айтты. Сонымен қатар, қысқа мерзім ішінде көптеген жетістікке жетіп отырған бейіндік мектеп, бүгін алғашқы қарлығаштарын қанаттандырып отырғандығын жеткізді. Олар әрбір түлеп ұшқан жастарға өз таңдаған мамандықтарының иегері және ел қажетіне жарайтын тұлға болуларын тіледі.

Сөз кезегі берілген бейіндік мектептің директоры Дәрия Алпысбаева ҚазҰУ-дың бейіндік мектебінде оқу 10-11 сынып оқушыларына заманауи білім беру ағымында айқын бағдар алуға мүмкіндік тудырып, ғылым негіздерін игеруде шығармашылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік беретіндігін алға тартты. Оқыту жүйесі оқушылардың математика, физика, химия және т.б. пәндер бойынша зерттеу жұмыстарына қызығушылықтарын дамытуға бағытталғанын атап өтті. 2011 жылы құрылған бейіндік мектепке алғашында 22 оқушы қабылданып, бүгінде алғашқы түлектерін ұшырғалы отырса, дәл қазіргі уақытта бейіндік мектепте оқушылардың саны 46-ға жетті. Болашақта бұдан да көп көлемде оқушылар қабылдауға дайын екендерін айтты. Ал, бейіндік мектепке қабылдау ұлттық тестілеу негізінде жүзеге асырылатын болады.

Биыл 22 түлекті ұшырғалы отырған бейіндік мектеп қысқа мерзім ішінде көптеген жетістіктерге жетіп отыр. Яғни, тәмәмдағалы отырған түлектердің үшеуі Ө.А.Жолдасбеков атындағы ғылыми жоба, Байқоңырда өткен ғылыми-зерттеу жобасы сынды халықаралық байқаулардың жеңімпазы. Олар ҰБТ-ға қатыспайды. Өйткені, бұл түлектерді тегін оқу бөлімінің студенттері қатарына қосуға болады. Ал, бұл жетістіктердің барлығы оқытушылар қауымының жемісі десе болады. «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» деп, данышпан Абай айтқандай, мектепте алған білімдеріңізді тәуелсіз еліміздің игілігіне жұмсап, өмірден өз орындарыңызды табуларыңызға тілектеспін», -дедітүлектерге арнап сөз алған мектеп директоры Д. Есболқызы.

Үлкен өмірге жолдама алған талапкерлер аяулы ұстаздары мен мектептерін қимай қоштасып бара жатқан сезімдерін білім ордасына арнаған өлең жолдарымен жеткізді. Мектептегі соңғы оқу күнінде 11 сынып оқушылары ерекше дайындалыпты, мұғалімдерге деген алғыс сөздер айтып, ән тарту етті. Әрбір шәкіртін баласындай көретін сынып жетекшілер де қыймастық сезімде жүрді. Ұстаздар шәкірттеріміз алдағы білім сынағында жоғарғы нәтиже көрсетіп, мектепте алған білімдерін тәуелсіз еліміздің игілігіне жұмсап, өмірден өз орындарын тапса дейді.

Бауыржан Машанов пен Разия Сейітқызы мектеп бітірушілердің ата-аналары атынан сөз алып, жылы лебіздерін жеткізді. Ата-аналар мектеп бітіру мерекесі әр адамның өміріндегі ерекше, ұмы­тыл­мас күндердің бірі. Себебі, соңғы қо­ңырау - үл­кен өмірге бастаған алғашқы қадам екендігін айтты. Қа­зақстанның болашағы білімді, зерделі жастар қолында екендігін түсіндірді. Жастарға үміт артты. Ақ жол тіледі. Салтанатты шара соңында жүздері бал-бұл жанған түлектер соңғы рет «Мектеп вальсін» биледі. Жанарда жас, көңілде қимастық ұшқындары байқалады. Сыңғырлай соғылған соңғы қоңырау оларды үлкен өмір сапарына шығарып салды.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі