Студенттердің ғылымға деген ынтасы зор

22.04.2013

Көрулер: 2033

17-19 сәуір аралығында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Ғылым әлемі» атты студенттер мен жас ғалымдарға арналған халықаралық ғылыми конференция өтті. Шараға Қазақстан, АҚШ, Германия, Түркия, Үндістан, Жапония және ТМД мемлекеттерінің студенттері мен магистранттары, жас ғалымдары қатысты.


Заманауи зерттеу университетке бағыт алған ҚазҰУ-да студенттерді ғылымға баулу, шығармашылық қабілетін дамыту, жас ғалымдарға ғылыми мәселелерді көтеруде қолдау көрсету мақсатында аталмыш конференция жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Университет ректоры Ғалым Мұтанұлы кейінгі жылдары студенттермен өзара пікір алмасу, ғылым және білім әлеміндегі жаңалықтармен бөлісу мақсатында жыл сайын арнайы тақырып бекітіп, акттік дәріс оқуды қолға алды. Бұл игі дәстүр биыл да өз жалғасын тауып, ҚазҰУ-дың ғылыми-инновациялық жұмыс жөніндегі проректоры, профессор Тілекқабыл Рамазанов «Нанотехнология: өткені, бүгіні және ертеңі» тақырыбында жастарға арнап дәріс оқыды. Ол нано дегеніміз не, наноматериалдар мен нанотехникалар, олардың құрылымы, ежелгі өркениеттің нанотехнологиясынан бастап, ХХІ ғасыр – нанобизнес дәуірінен кеңінен мәлімет берді. Сондай-ақ Ө.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайында өткен жиында университет басшылық өкілдері «Ғылым Әлемі» конференциясы мен үздік инновациялық жобалар байқауының 1, 2, 3 дәрежелі жеңімпаздарын салтанатты түрде марапаттап, ізденушілерге сәттілік тіледі.

Конференция барысында факультеттер жаратылыстану-техникалық, саяси-гуманитарлық, педагогикалық бағыттар бойынша жұмыс жасап, барлығы 100 секция жүргізілді. Сондай-ақ, жұмыстардың теориялық, тәжірибелік және қолданбалы формадағы сан салалы ғылым түрлері мен ғылыми ашылулары орын алды. Байқаулар, шеберлік дәрістер, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып, кәсіптік ойындар өткізілді. Сонымен қатар қатысушылар назарына студенттік бизнес-инкубатордың инновациялық жобаларының көрмесі ұсынылды. Онда «Қазақ университеті» баспасының өнімдері, студенттік «Youth Travel», «ProBioLab», «Денсиометр», «Терезе сүрткіш аспап», «Нанобөлшектері бар электрүнемдегіш лампа» т.б. жобаларға көпшілік асқан қызығушылық танытты. Студенттік ғылыми жобалар жаңашылдығымен таңғалдырып, үздік бағаға ие болды.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі