Екіжақты кездесуде қос диплом бағдарламасы қаралды

18.04.2013

Көрулер: 2109

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов Қытай Халық Республикасындағы Халықаралық бизнес және экономика университетінің президенті Ши Цзянь Цзюнмен кездесті.

Бұл кездесу әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарапынан бірінші проректор М. Бүркітбаев, экономика және бизнес жоғары мектебі деканы Б. Ермекбаева, шығыстану факультетінің деканы Б. Жұбатова және халықаралық ынтымақтастық департамент өкілдерінің қатысуымен өтті.

Кездесу барысында екі ел арасындағы тығыз қарым-қатынас орнатылғаны, оқу-ғылым, білім саласында да әріптестіктің артып келе жатқаны айтылды.

«Университетіміз Қытайдағы 2000 ЖОО ішіндегі жетекші оқу орны. Алғашында тек тіл меңгереміз деп келген 70% жастар кейіннен басқару, заң, әкімшілік жұмыстарды меңгеріп жатыр. Тек тіл емес, дипломдық жұмыспен айналысушылар саны 2100-ден асады. Мамандардың көбі жаз мезгілінде демалыс әрі сабақ беруге келеді. Қос диплом бағдарламасын қолға алсақ, білімді жетілдіруде жақсы көрсеткіш пен сапалы нәтижеге қол жеткізетін осы жолды дамыта түссек екен. Ал менің бұл Қазақстанға алғаш келуім, сіздермен танысқаныма қуаныштымын», - деді президент Ши Цзянь Цзюн.

Бүгінде басты мақсат жастарды біліммен барынша толық қамтамасыз ету болғандықтан, оқу ордаларының басшылары қос диплом, оқытушы-профессорлық құраммен алмасу, студенттерге тәжірибеден өтуге жол ашу сияқты тақырыптарды көтеріп, екі жақты біріккен ғылыми жобаларды алдағы уақытта жасасу керек деген ой-пікірлерімен бөлісті.

«ҚазҰУ жанында Конфуций институты жұмыс істейді. Сол орталық арқылы да бірнеше жұмыстар атқарылып келеді. Бізге ортақ бадарлама ұсынып отырсыздар, үлкен рахмет. Біз келісім-шарт жасауға дайынбыз. Оқытушыларды шақырту біздің елде мемлекеттік бағдарлама аясында іске асырылып, қаржыландырылып келеді. Қытай елінің тәжірибесімен алмасу біз үшін пайдалы болары сөзсіз», - деп атап өтті өз сөзінде ҚазҰУ ректоры Ғ. Мұтанов. Осы орайда, ҚазҰУ ректоры келер жылы ҚазҰУдың 80 жылдық мерейтойы және ІІІ Азиялық ректорлар съезі өтетіндігін айтып, сол іс-шараға ұйымдастырушылық әрі әріптестік танытып және қонақ ретінде келуге шақырып, қонақтарды «Халықаралық ҚазҰУ достары» клубына мүшелікке қабылдап, сый-сияпат табыс етті.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі