"Ана тілі" Ұлт газеті

18.04.2013

Көрулер: 1703

Жаңа кітапхана есігі айқара ашылды

Жаңа кітапхана есігі айқара ашылды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Орта Азия елдерінің жоғары оқу орындары арасындағы ең ірі кітапхананың тұсауы кесілді.

Шараға Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов, сонымен бірге шетелдік қонақтар қатысты. Университет ректоры Ғалым Мұтанов қонақтарды ҚазҰУ-дың Ғылыми кітапханасымен таныстырып өтті. «Бүгін заманауи талаптармен жабдықталып, жас ғалымдарымыздың, студенттеріміздің, оқытушы-профессорларымыздың игілігіне пайдаланылуға беріліп отырған ҚазҰУ-дың Ғылыми кітапханасы Орта Азияның жоғары оқу орындарындағы ең үлкен кітапхана. Бұл кітапхана екі миллионнан астам кітап қорымен қамтылған» деді ректор. Сонымен бірге бүгін оқырмандарды бай кітап қорымен қауыштырып отырған жаңа кітапхана ғимаратының алғашқы кірпішін, іргетасын Қазақстан Республикасының Президенті – Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев қалағанын да тілге тиек етіп, барша білімгерлерді, ЖОО өкілдерін жаңа мәдениет ошағымен әрі Наурыз мерекесімен құттықтады.
Жаңа кітапхана  есігі айқара ашылдыАлматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов жаңа жылды жақсы бастап, игі істер атқарып жатқан ҚазҰУ ұжымына алғысын білдіріп, дипломатиялық корпус өкілдеріне, шетел қонақтарына жыл басы – Наурыз басталғалы Қазақ елінде жарқын жаңалықтар мол болатындығын ерекше ықыласпен жеткізді. Бұдан соң А.Есімов пен Ғ.Мұтанов ҚазҰУ Ғылыми кітапханасының тұсауын кесті. Салтанатты рәсімнен кейін келген қонақтар, дипломатиялық корпус өкілдері жаңа мәдениет ошағымен танысып, абонемент бөлімдерін, кітапхана ішін аралап көрді. Кітапхана ашылғанға дейін «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Ғылыми кітапханасын ең үздік кітапхана жасаймыз» атты республикалық акция өткен болатын. Акция барысында кітапхана қорына он бес мыңнан астап кітап келіп түсті.
Сонымен қоса бұл күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Наурыз – жыл басы» атты мейрам болып өтті. Мерекелік думанда «Фараби сазы» ұлт аспаптар оркестрі, «Бақыт» би ансамблі және көптеген өнерлі жастар ән шырқады. Нағыз қазақы дәстүр сақталған шарада көздің жауын алатын әсем 18 киіз үй тігілді. Ұлттық мейрам кезінде шахматтан, тоғызқұмалақтан және басқа да спорт түрлерінен жарыс өткізілді.

Салтанат Қажыкен