"Алаш айнасы" республикалық қоғамдық саяси-күнделікті газет

11.04.2013

Көрулер: 1506

Одақтық парламенттің соңғы күзі

Жуырда Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасының көрме залында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ғалым, публицист Нығмет Рахметұлы Жотабаевтың «Последняя осень Союзного парламента» атты кітабының тұсаукесері өтті. Бұл жаңа кітапта Кеңес Одағының күйреуіне әкелген саяси-тарихи себептер, қилы кезеңдер, оның ішінде, КСРО-ның соңғы Жоғарғы Кеңесі қызметінің ауыр күндері баяндалады.

Автор туралы қысқаша мағлұмат бере кетсек, Н.Р. Жотабаев – Қазақстанның ең­бек сіңірген қайраткері, ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің 12-ші шақырылымының халық депутаты, 1991 жылғы тамыз төңкерісінен кейін КСРО Жоғарғы Кеңесінің құрамына енгізілген, КСРО Жоғарғы Кеңесінің республикааралық қатынастар жөніндегі комитет төрағасының орынбасары қыз­метін атқарған. Қазір Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ саясаттану кафедрасының доценті, саяси ғылымдар кандидаты, жиырмадан астам монографияның, жүзге тарта ғылы­ми мақаланың авторы.

Автор өзінің жаңа монографиясында КСРО Жоғарғы Кеңесінің, одақтас респуб­ли­калардың Жоғарғы Кеңестерінің мате­риалдары, атқарушы биліктің құжаттары, сонымен қатар «Некоторые штрихи пар­ламентской деятельности» (Алматы, 1993) еңбегінің негізінде өткен ғасырдың 1990-1991 жылдарына тап келген алып держа­ва­ның тарихи тағдырын, Одақтық келісім бойынша жағдайларды, жалпыхалықтық референ­дум және ТЖМК (ГКЧП) кесел­дерін, қайта құрылған КСРО Жоғарғы Ке­ңесі мен оның жоғарғы палатасы – Респуб­­ли­ка­лар Кеңесінің, республикааралық қа­­­­ты­­­­настар жөніндегі комитетінің қызмет­те­рін ұлтаралық қатынастар мәселесіне ерекше назар аудара отырып, толықтай баяндайды.

Жаңа кітаптың құндылығы – соңғы ша­қырылымдағы КСРО Жоғарғы Кеңесі қабыл­даған құжаттардың түпнұсқалары жи­нақталған, Қазақстанның егемендігін жария­лауы қарсаңындағы оқиғалар қаз-қал­пында баяндалып, саяси талданған, яғни деректемелік маңызы аса жоғары. Кі­тап көпшілік оқырман қауымның, зерттеу­ші­лердің, қоғамтанушылардың, мемлекет­тік қызметкерлердің, ғылым және оқу орын­дары кызметкерлерінің қызығушы­лығын тудырары сөзсіз. Сонымен қатар кітаптың тұсаукесері аясында ғалымның өмірі мен шығармашылығына арналған «Нығ­мет Рахметұлы Жотабаев» атты көр­кем­­дел­ген кітап көрмесі ұйымдастырылға­нын айта кеткеніміз жөн. Жалпы, тұсауке­сер­ге зиялы қауым өкілдері, белгілі қоғам қай­раткерлері, жазушылар, жоғары оқу орын­дарының студенттері, Алматы қаласы кітап­ханаларының қызметкерлері, БАҚ өкілдері көп жиналды.

С.МҰСАТАЕВ, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың саясаттану кафедрасының профессоры, саяси ғылымдар докторы