Ақын Баян Бекетова студенттермен кездеседі

05.03.2013

Көрулер: 2395

5 наурыз сағат 16:00-де (201 мәжіліс залы) ҚазҰУ-дың Экономика және бизнес жоғары мектебінде «Есеп және аудит» кафедрасының ұйымдастыруымен Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, халықаралық ІІ Түркі поэзиясы мүшәйрасының, халықаралық «Сорос-Қазақстан» қорының «Қазақстандағы жаңа поэзия» бәйгесінің жеңімпазы, республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегері, ақын Баян Бекетованың Экономика және бизнес жоғары мектебінің студенттерімен халықаралық әйелдер мейрамына арналған «Аруларды жырлаймыз» атты жыр кеші өтеді.

Ақын – ХХ ғасырдың 80 жылдары әдебиет айдынына желкенін жайған таланты ақындардың бірі. Оның бірде алмастай өткір, бірде күн шуағындай жылы, тау бұлағындай мөлдір, нәзік те сыршыл жырлары оқырман назарын өзіне аударады. Әсіресе, адам жанының нәзік иірімдерін, әйел әлемінің сан қырларын бүкпесіз жырлаған, жүрек толқытып, жантербер ойлы өлеңдері ХХ ғасыр мен ХХІ ғасырдың тоғысатын тұсындағы талғампаз оқырмандардың жүрегінен жолтапты. Оның «Жалғыздық» атты жыр жинағы шыққан кезде өлең түсінетін жамағат жалт қарасып, елең еткені де елдің есінде. Өлеңдері «Аудитория», «Қарлығаш», «Күміскүйме», «Қыз-ғұмыр» топтама жыр жинақтарына енген. Әр жылдары шыққан «Үмітімменің», «Жалғыздық», «Сәмбітал,», «Көлбастау», «Мен сені сағынғанда» атты 5 кітаптың авторы. Оқырман назарына Б.Бекетованың биыл жарық көрген «Ұйықтамайды жұлдыздар» атты жыр кітабынан жаңа жырлар ұсынған.

Экономика және бизнес жоғары мектебі