"Қазақпарат" ұлттық ақпарат агенттігі

02.03.2013

Көрулер: 1669

«Өнегелі өмір» сериясындағы кітаптар сериясы жаңа еңбекпен толықты

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Кенжеғали Сағадиев» деп аталатын жаңа кітаптың тұсаукесері өтті.

Ол ҚР ҰҒА академигі, экономика ғылымдарының докторы, профессор К. Сағадиевтің 75 жылдығына орай жарық көріп отыр. Онда мақалалар мен сұхбаттар, ғылыми айналымға алғаш енгізілген мұрағат құжаттары, фотосуреттер, сондай-ақ замандастарының, достарының лебіздері топтастырылған.

«Еліміздің білім-ғылым саласын дамытуға зор үлес қосқан халқымыздың біртуар азаматы - Кенжеғали Әбенұлының өмір жолы, ғылыми мұрасы өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге. Сондықтан білімнің қара шаңырағында әйгілі ғалымды жастармен кездестіріп отырмыз», - дейді ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанұлы.

Бұл Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Өнегелі өмір» сериясымен жарыққа шыққан 19-шы кітап болып отыр. Бұған дейін - С. Зиманов, Қ. Бекхожин, Ө. Жолдасбеков, О. Сүлейменов, Ә. Бектұров, Ө. Сұлтанғазин, Б. Бірімжанов, Е. Ысмайылов, К. Смайылов, А. Мамытов, Т. Амандосов, М. Әженов, Т. Кәкішев, С. Сартаев, М. Барманқұлов, З. Қабдолов, Л. Рүстемов, Ә.Нұршайықов туралы еңбектер жарық көрген болатын.

Автор: Ерлік Ержанұлы