«Болашақ» бастауы – білімде

19-қаң-13

Көрулер: 2666

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жолдауында заманауи білім беру жүйесінің аясында кадрлар даярлау мен қайта даярлауда жастардың білім сапасын арттыру, сонымен қатар кәсіби машықтарын жетілдіруге баса назар аударылған. Осындай ізгі мақсаттарды жүзеге асыруда «Болашақ» бағдарламасының маңызы да, мәні де зор. Бұған дейін аталмыш бағдарламаның негізінде дарынды мектеп түлектері Республикамыздың экономикасын дамытуға қажетті мамандықтар бойынша білім алуға мүмкіндіктер берілсе, енді, міне, магистратура, докторантураға кеңінен жол ашылуымен қатар, жас ғалымдардың шет елдерде тәжірибе жинақтап, білім мен біліктілігін көтеруге, кәсіби шеберліктерін шыңдауға мүмкіндіктер туып отыр.


Бұл жерде көңілге қонымдысы «Болашақ» бағдарламасына үміткер талапкерлерді іріктеу жүйесінің халықаралық талаптарға сай жүргізілуі. Сондықтан әрбір ұжым, мекеме талапты да, талантты жастарына үміт артып, қолдау көрсетіп, жолдамалар беруде. Осындай жолдама негізінде, мен де әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультетінің ұжымы атынан өз бағымды сынап, бәйгеге қатыстым. Конкурс барысында басқа да үміткерлер сияқты IELTS – халықаралық ағылшын тілінің тест жүйесі, мемлекеттік тіл, интеллектуалды-психологиялық тестті тапсырып, Тәуелсіз эксперттік комиссия (ТЭК) талқысына түсіп, «Болашақ» стипендиаты атандым. «Болашақ» бағдарламасының үміткерлері үшін ең қуанышты сәт – ТЭК қорытындының оң шешімі. Әрине, бұл емтихандардың ҰБТ, магистратура және докторантураға қабылдау емтихандарынан талабы да, талғамы да, құрылымы да өзгеше.

Енді, міне, сәтін салса, Ұлыбританияның Рединг университетінде ғылыми тәжирибеден өтпекшімін. Жетекші жоғары оқу орнында алынатын дағды мен білімді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да қолданарым сөзсіз.

Анар МУСТАФАЕВА,

«Болашақ» стипендиясының иегері, ҚазҰУ-дың шығыстану факультеті

Арабтану және ирантану кафедрасының доценті