Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Қазақстан Журналистика академиясының Орталық кеңсесі ашылды

28.04.2009

Көрулер: 4715

14 сәуірде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстан Журналистика академиясы Орталық кеңсесінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Қазақстан Журналистика академиясы мемлекеттің медиақоғамдастығын біріктіру және ақпарат кеңістігінде демократиялық үрдістердің дамуына жол ашу мақсатында 2001 жылы құрылды. Академия құрамына отандық журналистиканың 47 ірі тұлғасы кіреді. Олардың ішінде Мұрат Әуезов, Серік Әбдірайымов, Ұлықбек Есдәулет, Дүкеш Байымбетов, Владимир Рерих, Дариға Назарбаева, Сейдахмет Құттықадам және т.б. тәжірибе мен теорияны ұштастырып жүрген журналистер, көрнекті қоғам, мәдениет қайраткерлері бар. Құрамына мемлекетіміздің ірі тұлғалары мүше Академия Қазақстаннның 60 мың журналисінің басын қосып отыр.

Академияның бұқаралық ақпарат құралдарына табыс етілетін «Алтын жұлдыз» және «Алтын самрұқ» (алтын мүсіндер) ТМД кеңістігіндегі осы салада берілетін жалғыз сыйлық болып табылады. Мұндай сыйлық әлемнің бес елінде ғана беріледі, Қазақстанда оны журналистік Оскар деп атайды.

Журналистика Академиясының ашылуына М. Әуезов (қоғам қайраткері), А. Байтасов («Нұр-Медиа» холдингінің президенті), Е. Бекхожин (ҚР Президенті ТРК президенті), Ә. Бөпежанова (қазақ әдебиеттанушысы), Н. Жүсіп («Айқын» газетінің бас редакторы), Ж. Кенжалин («Қазақ газеттері» ЖШС-ның президенті), Б. Жақып («Қазақ Ұлттық энциклопедиясы» баспасының директоры), С. Құттықадам («Мысль», «Ақиқат» журналдарының бас редакторы), Ю. Азаматов («Ұйғыр Авази» газетінің бас редакторы), Ж. Ахметова («Личность» авторлық бағдарламасының жетекшісі), Ә. Қарауылова (Қазақстан Баспасөз клубының президенті), Д. Омаров («Хабар» арнасының спорт комментаторы), Р. Таркина (Тәуелсіз БАҚ ассоциациясының президенті), Л. Цой («Панорама» газетінің бас редакторы), И. Шахнович («Мегаполис» газетінің бас редакторы) қатысты.

Елімізде бой көтерген оқиғаларға деген көзқарасын БАҚ арқылы білдіріп жүрген қоғамдық қайраткер және мәдениеттанушы Мұрат Әуезов:

- Журналистика академиясы - мемлекеттегі болып жатқан оқиғаларға деген жауапкершілік сезім паналайтын қуатты рухани орталық. Академия осы рухани құндылықтардың биік этикалық өлшемін сақтау үшін қызмет етеді, - дейді ол. Мұрат Әуезов журналистерге кез-келген жағдайда өз азаматтық ұстанымына берік болып, жоғары кәсіби деңгейден көріне беруді тіледі.

Ал Сейдахмет Құттықадам журналистер еліміздің қуатты интеллектуалдық потенциалы және мемлекетіміздің рухани егемендігін қорғауда тұрғандығын айтты. Сонымен қатар, оның ойынша, Академия Орталық кеңсесінің рухани оқу ордасына айналған ҚазҰУ қабырғасында ашылуы да тегін емес.

Академияның салтанатты ашылу рәсімінде ҚазҰУ-дың бірінші проректоры Зұлхайыр Мансұров Журналистика академиясының жасырын дауыс беру арқылы сайланған жаңа мүшелеріне - «Түркістан» халықаралық газетінің бас редакторы Шәмшиддин Паттеев, «Новое поколение» газетінің бас редакторы Сергей Апарин және «Ел арна» телеарнасының директоры Айгүл Мүкейге куәліктер мен дипломдарды табыс етті.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі