1 сәуір күні – КТК-да!

17.04.2009

Көрулер: 3829

Халықаралық күлкі күніне орай әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да университеттің 75 жылдығына арналған Жалпыуниверситеттік КТК байқауы өтті. КТК байқауына университет факультеттері мен колледждің ең үздік командалары қатысты.

КТК ойындары университеттік факультеттер арасында бірнеше жыл бұрын басталған болатын. Бірақ Қазақ ұлттық университетінің КТК лигасы мен Қазақ КТК лигасы Студенттік клубтың құрылымдық бөлімі ретінде 2002 жылдан бастап қызмет етуде. КТК лигасы еліміздің көңілді де тапқыр ойыншыларын тәрбиелеп, өсіріп шығаратын бірден-бір орын. Бұл жолы да әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың КТК лигасы осы ойынның ұйымдастырушысы ретінде көрінді.

Көтеріңкі көңіл-күйге бөленіп, сүйікті командаларына жанкүйерлік көрсету мақсатында Студенттер сарайына екі мыңнан астам көрермен келді. Факультет тобына қамқорлығы мен қолдауын көрсетуге арнайы келген халықаралық қатынастар факультетінің деканы Құралай Байзақова сахнада студенттермен бірге өнер көрсетті. Соның нәтижесінде Құралай Ертісқызы бірауыздан «Мисс КТК» атанды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл басқа да факультеттердің жетекшілеріне үлгі болуға лайықты қадам.

Нәтижесінде биология, экономика және бизнес факультеттерінің «Күн мен түн - Smile» біріккен командасы жеңімпаз тұғырынан көрінсе, екінші орынды биология факультетінің «Второе дыхание» командасы, ал үшінші орынды - филология факультетінің «Сенсация» командасы иеленді. «Үздік бейнефильм» номинациясында «Құдай қаласа» командасының (Философия және саясаттану факультеті) жұмысы алға шықты, дәл осы топ «Ең көкейтесті әзілдің» авторы атанды. «Сенсация» командасының капитаны Дастан Байбосынов «Мистер КТК» деп мойындалса, «Ең үздік номер» номинациясы «Шпильки» атты қыздар командасына берілді. Ал «Mc Burger» арнайы сыйлығы университетіміздің ең жас «Juniors» колледж командасына тапсырылды. Сонымен қатар жеңімпаздарға «Сұңқар» студенттер кәсіподағы естелік сыйлықтарын табыс етті.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі