"Егемен Қазақстан" жалпыұлттық республикалық күнделікті газет

29.05.2012

Көрулер: 1898

Тамсандырған түлектер

Қазақстанның білім беру ісіндегі жетекші оқу орны саналатын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Түлектер күнін» мамыр айының соңғы сен­бісінде тойлайды. Дәстүрге айнал­ған ҚазҰУ түлектерінің күні биыл 26 мамыр күні өтті.

Мерекелік іс-шара әл-Фараби және Ө.А.Жолдасбеков ескерткіште­ріне гүл шоқтарын қоюмен басталып, барлық түлектер, қонақтар, оқы­тушылар мен студенттер тоғыс­­қан Ө.А.Жолдасбеков атындағы жас­тар сарайында жалғасты. Алғашқы құттықтау сөзді ҚазҰУ ректоры, ака­демик Ғалым Мұтанов алды.

Іс-шараны ұйымдастырушылар – ҚазҰУ түлектер қауымдастығы өз қыз­меті туралы баяндама жасап, үз­дік түлектерді марапаттады. Тіпті уни­верситеттің алғашқы, одан кей­ін­гі жылдардағы түлектері де марапаттан қалыс қалмады. Олардың ішінде ҚазҰУ мақтаныштары бол­ған елімізге белгілі тұлғалар да болды. Солардың бірі Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төр­аға­сы Нұрлан Оразалин:

«Бүгін міне, ҚазҰУ-дай білім ке­­­ме­сінде үлкен қуаныш. Универ­си­тетті 4000 студент бітіргелі отыр. Демек, төрт мың жанның жүрегіне білім құйған университеттің бола­шақ­­қа жарқын жол салып отырға­­нын көрсетеді. Кешегі ҚазҰУ-дың тү­­лектері біздер – бүгінде ел бас­қарып, дүниенің тізгінін ұстап, тәу­ел­сіз қа­зақ­­­стандықтардың өтпелі тағ­дырына жауапты болып отырмыз. Мына, бү­гінгі толқынды көріп, тебі­реніп, ер­ек­ше толқып отырмын. Олар біз ба­ғындырған биіктен де биік асуларды бағындыра бергей», деді.

Халықаралық «Қазақ тілі» қо­ғамының президенті, академик Өмір­зақ Айтбайұлы өзінің осы универ­ситеттің 1954-1959 жылдардағы тү­ле­гі екенін, екі жарым жыл М.Әуе­зовтің дәрісін тыңдағанын айта ке­ліп, биылғы түлектердің де ұстаз­да­рын мақтан тұтар, елін сүйер азаматтар боларына тілектестігін біл­дір­ді. «Ұр­пақ ақылды болса – ұлт мықты болады. Бүгін ҚазҰУ-дан түлеп ұшқалы отырған түлектерге тілерім тек жарқын болашақ», – деді ол.

Түлектер кешке қарай ректорат алдындағы алаңда алғаш рет өткен «Түлектер кешіне» қатысты. Қонақ­тар мен қатысушылар университет­тің көркемөнерпаздар ұжымы мен «Ұлытау» этно-рок тобының, қазақ­стан­дық эстрада жұлдыздарының кон­цертін тамашалады.

Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің

1-курс студенті.