"Қазақпарат" ұлттық ақпарат агенттігі

20.05.2012

Көрулер: 2293

20 Мамыр 2012, 09:41
ҚазМУ-де Олжас Сүлейменов атындағы ғылыми орталық ашылады
АЛМАТЫ. 20 мамыр. ҚазАқпарат - Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде кеше БҰҰ-ның Білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымының Қазақстандағы өкілі Олжас Сүлейменовпен кездесу өтті.

Сондай-ақ филологтар мен лингвистерге «Сөзді сүю» деп аталатын шеберлік сыныбы ұйымдастырылды. Онда түркітанушы ғалым филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің оқытушыларына және жас зерттеушілер мен лингвистерге ежелгі түрктер, түркі руникасы және өзге де жазулар мен жазбалардың, ұғымдардың шығу төркіні туралы баяндап берді. Өзінің бұл бағыттағы зерттеулері бойынша "Мың бір сөз" деп аталатын ы кітап дайындап жатқандығын жеткізді.

"Африканың экватор белдеуінен жүздеген мың жыл бұрын еңсе көтерген адамзат - ұлт пен ұлысқа бөліне-бөліне - әуелі солтүстік Африка, сосын Жерорта теңізі, Таяу Шығысты жайлап дүниеге сөз таратты. Заманалар белесінде - отбасы шеңберінен шығып -макрогруппа - үлкен топ деген ұғымға ұласты. Ұлы көш миллиондаған жылға созылып, жаңа сөз - лексика шоғырын, сөз галактикасын туғызды", - дейді О.Сүлейменов.

Кездесуде университет ректоры Ғалым Мұтанов жоғары оқу орнының география факультетінің 1959 жылғы түлегіне «Әл-Фараби» алтын медалін тапсырды. Сонымен қатар алдағы уақытта енді Олжас Омарұлы атындағы ғылыми орталық ашылатынын жеткізді. Ал белгілі мәдениет және қоғам қайраткері, түркітанушы О.Сүлейменов онда жас лингвистерге ғылыми жетекшілік жасап, тіл білімін үйретпек.