"Алаш айнасы" республикалық қоғамдық саяси-күнделікті газет

16.05.2012

Көрулер: 1594

«Өмірдастан» – түлектердің тартуы

Осыдан 40 жылдан астам уақыт бұрын, 1971 жылы, сол кездегі С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген бір топ жас оқуға түскен еді. «Болашақта қаламы жүйрік қаламгер болсам» деген армандары бір арнада тоғысқан 17-18 жасар өрімдей жастар бес жыл бір шаңырақта білім алып, қолдарына дипломдары тиген соң, әрқайсысы әртарапқа үкілеген үміттерінің жетегінде кете барды.

Осылайша, өмір жолы мен шығарма­шылық жолдары басталған қыз-жігіттердің бүгінде алды 60-ты алқымдады. Сонау 1971-76 жылдары қарашаңырақта оқып жүр­генде бір үйдің баласындай болған курс­тастар күні кеше ҚазҰУ-дың журналис­тика факультетінде бас қосып, өздерінің өткен-кеткенін, студенттік шақтарын еске алысты. Сондай-ақ 1976 жылдың түлектері өздерінің өмір жолдары хақында шерткен жүрекжарды сырлары жинақталған «Өмір­дастан» атты кітапты көпшілікке таныс­ты­рып, кітаптың тұсаукесер рәсімін өткізді. Студенттік шақтарында Темірбек Қожа­кеев, Тауман Амандосов, Әбілфайыз Ыды­рысов, Қабижан Бекқожин, Абдул-Хамит Мархабаев сынды ұстаздардан дәріс алған түлектердің барлығы дерлік кейіннен қазақ руханиятына үлкен үлес қосып жүр­ген па­ра­сатты азаматтарға айналды. Атап ай­тар болсақ, «Егемен Қазақстан» газе­тінің бұ­рынғы басшысы Е.Смайыл, Елба­сының тұңғыш баспасөз хатшысы Е.Шаймерден, облыстық газеттердің бас редак­торлары: М.Қосымбай, М. Сембай, Ж.Болатов, таны­мал қаламгерлер: Қ.Жиен­бай, С.Са­пар­­бекұлы, Қ.Қараман, С.Бай­хонов, А.Асыл­бе­кова, А.Үмбеттегі, А.Мұха­мет­жа­нова, А.Шымыр­байұлы, Б.Әзім­байұлы, С.Мәмет, белгілі ақын Б.Қошым-Ноғай секілді тұл­ғалар – дәл осы 1976 жылғы түлек­тер.

Әбілфайыз Ыдырысов, профессор:

– Күні кеше осы оқу орнына өрімдей болып келген жастар бүгінде парасатты ел ағаларына, қарымды қаламгерлерге, белгілі журналистерге айналды. Олар өздерінің студенттік жылдарын өте бел­сенді, қызықты өткізді. Оқуды бітіре салып еңбекке кіріскен жастар халқына қызмет етіп, өнегелі де өміршең істері­мен көзге түсті. Мен шамам келгенше шәкірттерімнің мақалаларын, кітап­та­рын оқып отырамын. Әрқайсысының жеткен биіктері үшін қуаныштымын. Бүгінде елуден асып, немерелі болып жатқан шәкірттерім журналистіктен асып, шын мәніндегі қаламгер атанды. «Елу – ердің жасы» демекші, қазір – осы­лардың нағыз жұмыс жасайтын, ата­ғын-даңқын асқақтататын уақыт. Шә­кірт­терім әлі талай белестерді бағын­дырады деп ойлаймын.

Осыдан 36 жыл бұрын түлектерін үлкен өмірге шығарып салған белгілі ұстаз, про­фессор, куратор Абдул-Хамит Мархабаев журналистика факультетінің аудиториясына жиналған кешегі студенттерін тізім бо­йынша қайта түгендеп, әрқайсысының сту­денттік шақтағы қызықтарын еске түсіріп, бір марқайып қалды. Ол өз сөзінде: «Менің шәкірттерім өздерінің қаламақыларына қуанса, мен олардың аты-жөндерін газет-журналдардан көріп қуанамын», – деп әзіл­деп те қойды.

Ғалия Қайдауылқызы, журналист:
– Бір қаріп үйреткенге қырық жыл қызмет ет» демекші, біз ұстаздарымызға қызмет ете алмасақ та, олардың қалам­гер­лігін, кемеңгерлігін өзімізге үлгі тұ­тып, адал еңбегімізбен ұстаздарымыз­дың абыройын асқақтатуға тырысып жүреміз. Бүгінде арамызда жоқ Тауман Аман­досов сынды ағамыз, одан кейінгі мына бізді әлі күнге дейін еркелетіп жүретін кураторымыз Абдул-Хамит Мархабаев ағамыз бізді өздерімен тең ұстады. Олар бізді еркелетті, біз ол кісі­лерге еркелей білдік. Осы тұста сту­дент­тік шақтағы бір оқиға есіме түсіп тұрғаны. Бірде емтихан кезінде Абдул-Хамит аға мен билеттегі сұраққа қанша тырысып жауап берсем де, «түк біл­мейсің, 2» деп «зачеткамды» бетіме лақтырып қуып шыққаны. Мен тас-талқаным шығып дәлізде тұрмын, дір-дір етемін, қалайша «екі» алдым деп сене алмай тұрмын ғой. Сол кезде студенттерге жанашыр Би-апа атанып кеткен марқұм Бибігүл Мәтенова «олай болуы мүмкін емес» деп маған өзінше демеу көрсетіп қояды. Сөйтсем, А.Мар­хабаев ағам маған «5» қойып жіберіпті ғой. Мен оны кейін көрдім.
ҚазҰУ-дің журналистика факультетінде қызмет ететін танымал журналист Құдай­берген Тұрсын еліміздің әр аймағынан келген өзінің курстастарының басқосуына мұрындық болып, әсерлі кеш ұйымдас­тыр­ды. Бір-бірін жиі көре алмаса да, бас­пасөз беттерінен жиі кездестіретін журна­листер бастары қосылғанда бір-біріне кітаптарын сыйлап, өздерімен ала келген студенттік шақтағы альбомдарын көріп бір жасап қалды. Кеш барысында «Өмірдастан» кітабына енген біраз естеліктер айтылып, түлектер өмірден өткен ұстаздарын, өзде­рінің тұстастарын еске алысты. Жиын соңын­да олар өздерінің студенттік шақ­тарында тұрған жатақханаларын ара­лады.

Автор: Айнұр СЕНБАЕВА