"Мәдениет" телеарнасы

26.04.2012

Көрулер: 1853

Камал Смайылов туралы екі кітап жарық көрді

Алматыда Камал Смайыловтың 80 жылдық мерейтойы аясында жарық көрген «Сан қырлы тұлға» және «Өнегелі өмір: Камал Смайылов» атты кітаптарының тұсаукесер рәсімі болып өтті.

Камал Смайыловтың өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін сериялық кітаптарға қаламгердің таңдаулы туындылары мен мақалалары, фотосуреттері мен мұрағат құжаттары енген, сонымен қатар қайраткердің көзін көріп, тәлім-тәрбие алған шәкірттерінің, замандастарының, көрнекті тұлғалардың естеліктері топтастырылған.

Басылымдар көпшілік оқырманға, сондай-ақ студенттер қауымы мен ғылыми ізденушілерге арналған.

«Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті еліміздің мемлекет және қоғам қайраткерлеріне, ұстаз, ғалымдарға, Қазақстан ғылымы мен білімінің бастауында тұрған тұлғаларға арналған «Өнегелі өмір» атты сериялық кітаптарды шығаруды жалғастыруда. Біз сериялық кітаптың 9-шы шығарылымын ел мәдениетінің дамуына үлес қосқан қайраткер, қарымды қаламгер, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі, университет қабырғасында дәріс оқып, бірнеше буын шәкірт тәрбиелеген ұстаз Камал Сейітжанұлы Смайыловтың 80 жылдық мерейтойына арнағанды жөн көрдік. Еліне адал қызмет еткен қайраткердің өнегелі ғұмырына арналған бұл кітаптың келер ұрпаққа берер тағылымы мол болары сөзсіз»,-деді Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанов.

Нәзира ЕЛЕУХАН