«Біз» театры «Миллион раушан гүл» ұсынды

14.04.2012

Көрулер: 2423

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да да әр маусым сайын көпшілікке ой салар, өзінің мәнді де мағыналы спектакльдерімен жастардың жүрегіне жол тартқан «Біз» театрының жаңа репертуарын студент жастар үнемі күтіп жүреді. Құрылғанына алты жылдың көлемі болған «Біз» театры осы уақытқа дейін «Адаспаңдар», «Той», «Кешіріңіз, сізді ажал күтіп тұр!» «Бағдаршам» сынды тәрбиелік маңызы зор спектакльдер мен «Ол көктем оралмайды» атты мелодрамалық қойылымын қойып, өз көрерменін жинап үлгерді. Кәсіби мамандардан емес, студенттерден құралған театр – жастардың ақылшысы, жақсылыққа жол бастаушы.

«Біз» театрының биылғы жылғы «Мил­лион раушан гүл» трагедиялық қойылымы да үлкен дайындық нәтижесін көрсетті. Бұл қойылымның сценарийін театр сту­дент­терінің өздері жазды. Қойылым ре­жис­сері Ғалымжан Сайлаубековтің ай­туын­­ша, «Бүгінгі жастардың шынайы се­­зі­м­­­ді ардақтап, бір-бірін құрметтеуі, махаббатты бағалауы – жалпы қойылымның мақсаты». Демек, театр ұжымы өз мақсат­тарына жеткендей. Театрдың талантты жастары тек қазақ өмірін, тұрмысын ғана көрсетіп қоймай, бұл жолы XIV-XV ғасыр­лар­дағы Еуропа еліндегі тұрмыс-тіршілікті болмысымен көрсете білді. Шынайы өнер­дің шыңына шыққан суретшінің актриса қызға ғашық болуы, оның арманын орын­дауға талпынған құдіретті күштің айнала­сын­да өрбіген сюжеттер кімді де болса толғандырмай қоймады. Актрисаның ар­ман­дағы гүлін қанымен салып, соның ғана арманы үшін ғұмырын гүлге айналдырған суретші нағыз сезімге адалдықтың үлгісін сомдады. Күлдіріп отырып жылатқан тра­го-комедиялық әрі мелодрамалық қойы­лым жиналғандардың баршасына сезім құдіреттілігін ұғындырғандай болды.

Қойылымда филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің студенттері Бектасов Мағжан (Герцог), Смадияров Бек­зат (суретші), Ахметқалиева Ләззат (актриса Роза), Әбілхан Ақерке (Луиза), Тұрғанбек Нұртас (Мелорд), Минайхан Салтанат; тарих факультетінен Жолдасов Аян; журналистика факультетінен Ярли­ка­сынова Перизат (Мыстан); химия факу­льте­тінен Мақанова Гүлшат (жаңа актриса) т.б өз рөлдерін өз деңгейінде сомдай ал­ды.

Қойылым аяқталған соң рөл сомдаушы әртіс студенттерге деген қошемет көрсе­тіліп, университеттің әлеуметтік даму жө­нін­дегі проректоры Шолпан Жаманбалае­ваға сөз берілді. «Театр – халықтың бет-бейнесі десек, бүгінгі тамаша қойылым да біздің студенттердің рухани кескін-келбетін танытты, жүрек тамырын шымыр­латты», – деп өз ризашылығын білдіріп, басты рөлде ойнаған студенттерге алғысхат тапсырды.

Иә, қай мезгілде де, қандай заманда да қоғамды жаңартуда театрдың маңызы зор екендігін «Біз» театры тағы бір рет дәлелдеді. Алдағы уақытта да тек сәтті қо­йы­лымдармен қауышамыз деген ойда­мыз.