«Наурыз – жыл басы» думанды мерекесі өтті

14.04.2012

Көрулер: 3798

Наурыз – қазақ халқының төл мерекесі. Жылдағы дәстүр бойынша әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұжымы 14 сәуір күні Ө.А. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайының алаңында жалпы университеттік Наурыз мейрамын атап өтті.

Мерекелік думан «Фараби сазы» ұлт аспаптар оркестрінің орындауындағы Түркештің «Көңілашар» күйімен ашылып, университет студенті Маржан Рымбаеваның орындауындағы «Наурыз-думан» әнімен басталды.

Алдымен, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтанұлына құтықтау сөзін барша жиналған қауымға арнады. Өз сөзінде: «Наурыз- ұлттығымызды ұлықтайтын, бірлігімізді нығайтатын ерекше мейрам» дей келе, биылғы жылдың ерекшелігі шет елдерден келген қонақтар мен елшіліктердің қатысуымен өткізіліп отырғандығын ерекше атап өтті.

Бұдан кейін университеттік «Парасат» кәсіподағы екі ай бойы ұйымдастырған «Таза айлық» байқауының қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен және дипломдармен марапатталды.

Марапаттау рәсімінен кейін шет елдік консулдықтан және шет елдік Жапония, Германия, Түркия, Қытай, Тәжікстан, Афганестан, Украина, Монғолия, Қырғызстан, Болгария, Польша, Египет, Түркіменстан елшіліктерінен сондай-ақ БҰҰ-ның мәдени орталықтанынан келген қонақтарға сөз берілді. ҚР Сыртқа істер министрлігінің Алматы қаласы басшылығының өкілі И.И.Мусалимов, Түркияның бас консулы С. Айылдыз т.б. қонақтар құттықтау сөздерін арнады. Аталған шараға Алматы қаласы әкімінің орынбасары С.Т. Сейдуманов та қатысты.

Ресми рәсімнен кейін университет факультеттері мен Студенттер клубы дайындаған «Қаңтар ауса қар тұрмас», «Көктем, көктем нұрын төккен», «Жер —ана, Ел — бала», « Қыз мінезді, ұл өнерлі», «Жүрекке жол тауып», «Жаңа күннен жақсылық», «Дәм мен дидар ғанибет», «Өткеніңді ұмытпа», «Жаңа жылым келді далама», «Қызым саған айтам, келінім сен тыңда» тақырыптарында қазақ халқының салт-дәстүрін дәріптейтін сахналық қойылымдар көрсетіліп, жалпы жұршылықтың көңілінен шықты. Композициялар бір-біріне жалғасқан бүтіндей шығарма іспеті дайындалған. Онда көктем мен қыстың айқасы, жаңбыр, гүлге оранған дала, Наурызек кұсының келуі, тал егу, тазару сияқты көктемнің келуін сипаттай келе, қыз жігіттердің айтысы, ақсүйек, ұйқыашар, селтеткізер секілді ұлттық болмысты танытатын салт-дәстүрлер көрсетілді. Наурыздағы күн мен түннің теңелуі, жаңа күнді қарсы алу, қырық қобыз, саумалық, көрісу, үлкендердің қолын алу, наурыз көже, алас, жеті шырақ, шашу тағы да толып жатқан әдет-ғұрып композициялардың негізін құрады. Қойылымдар Қызыр бабаның ақ батасымен аяқталды. Наурыз-думан өнерлі студенттердің концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты.

Студ.клуб