«Ең үздік студенттік топ» байқауы

23.04.2012

Көрулер: 3751

Жуырда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті студенттері арасында «Ең үздік студенттік топ» байқауы жарияланған болатын. Бұл игі шараны білім-ғылымның форпосты атанған университетіміздің талантты да, дарынды студенттерін анықтау мақсатында «Сұңқар» студенттер кәсіподағы ұйымдастыруда. Аталған конкурсқа ҚазҰУ қабырғасында жинаған тәжірибелерін, білімдерін ортаға салып, бақтарын сынау үшін 2-3 курстың студенттік топтары қатысады.

Университетіміздің ректоры Ғ.М.Мұтанов студенттердің шығармашылық потенциалының дамып, ұжымдық жауапкершілікті сезінуін басты назарға алатын бұл конкурстың өткізілуіне зор қызығушылық танытып отыр.

Тәуелсіз Қазақстанның ертеңі - жастардың қоғамда алар орны ерекше. Сондықтан, бүгінгі күні алғыр да жан-жақты студенттердің мемлекет, қоғам және университет өміріне белсене араласуы – уақыт талабы. «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ең үздік студенттік тобы» байқауын өткізудегі негізгі мақсат студенттерді әлеуметтік белсенді тұлға ретінде тәрбиелеп, олардың қоғамдағы азаматтық белсенділігін қалыптастыру болып табылады.

Байқау наурыз айының 29 жұлдызына дейін факультет ішінде өткізіліп, озып шыққан 13 студенттік топ арасында университет деңгейінде жалғасын табады. Студенттердің жалпы оқу үлгерімі, ғылыми, мәдени және қоғамдық шаралардағы белсенділігі, өзін-өзі басқарудағы ұйымдастырушылық қабілеттері сыналатын дода үш деңгейде өткізіледі. Байқау барысында студенттік топтардың тапқырлығы, білімділігі және ұйымдастырушылық қабілетін жоғары деңгейде көрсетуі – қатысушыларға қойылатын басты талап. Жүзден жүйрік шыққан топ Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарихында «Ең алғашқы үздік студенттік топ» атағын иеленіп, Қазақстан Республикасының Парламент депутаттарымен кездесу мәртебесіне ие болады.

Биылғы жылдан бастап дәстүрге айналатын «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ең үздік студенттік топ» байқауы университетіміздің ең үздік жобасына айналмақ.

Сұңқар – пресс.