Өнегелі өмір

06.04.2012

Көрулер: 2261

Ғылыми алқалы жиынды филология факультетінің деканы ф.ғ.д., профессор Қ.Әбдезұлы жүргізді. Конференцияда ғалымның қазақ тіл білімінде қалдырған орасан зор еңбегі мен ұстаздық жолы баяндалды. Алғашқы баяндамада академик Ө.Айтбайұлына берілді. Ол Т. Сайрамбаев туралы: «Талғат Сайрамбайұлы Сайрамбаев – ғылымда да, өмірде де үлкен мұра қалдырған, адалдықпен, пәктікпен, тынымсыз еңбекпен отбасына да, еңбек еткен ортасына да, әрбір шәкіртіне де сарқыла тағлым берген, әрбір дос-жаранына қимастай тұлға бола білген ардақты әке, асыл ата, адал жар, адал дос және ғалым-ұстаз», - деп ой түйеді.

Одан кейін сөз алған ақын З.Шілдебаев:

«Қалдырып синтаксисте ізіңізді,

Жеміске толтырдыңыз күзіңізді.

Жетелеп ғалым еткен шәкірттерің,

Ұстаз-әке санайды өзіңізді, - деген өлең жолдарымен өрнектеді.

Сонымен қатар «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағының иегері, ғалым-педагог К.Шаймерденова, әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті мемлекеттік тіл кафедрасының меңгерушісі ф.ғ.д, профессор А.Салқынбай, ф.ғ.д., профессор Г.Смағұлова, ҚазМемҚызПУ профессоры, ф.ғ.д. Т.Ермекова, Гази университетінің профессоры (Түркия) Насиле Йылдыз, Литва Эдукологиялық университетінің профессоры В.Каваляускасжәне т.б. ғалымдар баяндама жасады. Қазақ тіл білімінің өзекті мәселелеріне арналған конференцияда жүзден астам баяндама жасалды.

Профессор Талғат Сайрамбаевтың 75 жылдық мерейтойына арналған «Қазақ тілі синтаксисі: тарихи дамуы және қазіргі ғылыми бағыттары» атты Халықаралық ғылыми-теориялық конференцияны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін мемлекеттік тіл кафедрасының доценттері С.Иманқұлова, А.Аширова, Қ.Қадырқұлов және аға оқытушылар А.Бисенбаев, Б.Досановтарға филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің деканы, профессор Қ.Әбдезұлы алғыс жариялады.