Елші сағаты

10.04.2012

Көрулер: 4050

2012 жылдың 27 наурызында Шығыстану факультеті Түркітану және үндітану кафедрасының ұйымдастыруымен Түркия Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Лале Үлкермен кездесу өткізілді. Кездесуге Түркия Республикасының Алматыдағы бас консулы Саадин Йылмаз, Түркия Республикасы Анкара қаласы Гази университетінің профессоры Наджие Йылдыз, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың халықаралық байланыстар департаментінің директоры Айжан Болатқанқызы Смаилова, факультеттің кафедра меңгерушілері және басқа да түркітанушы ғалымдар қатысты.

Лале Үлкер «Түркия Республикасы мен Қазақстан Республикасының 20 жылдағы дипломатиялық қатынастары» тақырыбы аясында өзінің жүрек жарды ойларын жеткізді. Ол 1991 жылы 16 желтоқсанында Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін жариялаған кезде шет мемлекеттерінің ішінен бірінші болып мойындаған Түркия Республикасы болғанын айтты. Тәуелсіздігін алған Қазақстан мен Түркияның тез арада дипломатиялық қарым-қатынас орнатуға ұмтылуын тарихи заңдылық дей келе, ата тегі, түбі, тілі, діні, әдет-ғұрпы, салт-санасы бір екі халықтың аймақтық дәрежеде жақындасуы ешкімнің алаңдауын туғызбайтындай заңды құбылыс деп бағалады. Сонымен қатар, елші ханым 20 жылда екі ел арасындағы білім, мәдениет, сауда т.б әр саладағы қатынастардың күннен-күнге дамып, өркен жаюы шынайы достық және бауырластық байланыстардың дамуына негіз болатындығын тілге тиек етті.