«Бiлiм беру қызметіндегі инновациялар және оқытудың сапасын арттыру мәселелері» атты 42-шi - Халықаралық ғылыми-әдiстемелiк конференция өтті

30.01.2012

Көрулер: 2700

27 қаңтарда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Бiлiм беру қызметіндегі инновациялар және оқытудың сапасын арттыру мәселелері» атты 42-шi халықаралық ғылыми-әдiстемелiк конференция өтті.

Пленарлық мәжілісте әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтанұлы Мұтанов және Ұлыбритания Ашық университеті математика және статистика факультетінің профессоры Бенжамин Дэвид Местель сөз сөйледі. Сандық «Case Study» Workshop мәжілісінде on-line тәртібімен Колумбия университеті Жер институты «Global Classroom» жобасының директоры Рафис Абазов пікірімен бөлісті.

Конференция жұмысына Испания, Түркия, Ұлыбритания, АҚШ, Жапония және ТМД (М.В.Ломоносов атындағы ММУ, ХДРУ, Ресей) елдері мен басқа да шетелдік жоғары оқу орындары өкілдері мен Қазақстанның ЖОО, ғылыми-зерттеу орталықтары мен қорларының 400-ден астам өкiлі ат салысты.

Пленарлық мәжiлiс барысында ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған жолдауы тыңдалып конференцияға қатысушылардың жоғары бағасына ие болды.

Конференция білім беру үдерісіндегі инновациялық әдістер, модульдік оқыту жағдайындағы СӨЖ,МӨЖ және ДӨЖ жаңа түрлері (Модераторы - Ткаченко Гурски Игорь Михаил, Валенсия политехникалық университеті, қолданбалы математика департаментінің профессоры, Испания), Оқу үдерісін оқулықтармен қамтамасыз ету, электрондық оқу құралдарын дайындау (Модераторы - Тимоти Уильям Лоу, математика және статистика департаментінің профессоры, Ашық университет, Ұлыбритания), Өндіріс, білім беру және ғылым ықпалдастығы: академиялық ұтқырлық, жұмыс берушілер курсы, бәсекеге қабілетті мамандар дайындау (Модератор - Тимошенко В.Ю., М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті, ф-м. ғылымдарының докторы,профессор) және жалпы білім беру пәндері мен тілдерді үйретудің технологиялары (Модераторы - Мехмет Арслан, Юнус Эмре халықаралық ұйымы, PhD докторы, Түркия) бағыттарында өрбіді.

Сонымен қатар, «PhD-докторантурасы мен магистратурада білім беру бағдарламаларының жүзеге асырылуы - зерттеу университетінің жетекші қызметі» тақырыбында дөңгелек үстел жүргізілді.(Модераторы - Ин Майко Халықаралық жапондық қор. Жапония ) және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің информатика кафедрасының 10 жылдығына арналған «Білім беру үде­рісіндегі IT рөлі» тақырыбында пәнаралық ғылыми-әдістемелік семинар жүргізілді.( Модераторы - Ахмед-Заки Д.Ж., әл-Фараби атындағы ҚазҰУ информатика кафедрасының меңгерушісі).

Конференцияның барысында 399 баяндама талқыланды, олардың iшiнде 263 - ауызша, 136 - қабырғалы. Баяндамалардың талқылауы өте белсенді өтіп, пiкiрталастар мен сұрақтар көп болды. Баяндамалар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жасалды.

Конференцияда айтылғандай, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да рейтинг агенттiктерiнің әртүрлі бағалауы мен университеттің оқу-әдiстемелiк, ғылыми-инновациялық және тәрбиелiк жұмысындағы едәуір жетістіктері бойынша зерттеуші университет ретінде жоғары қызмет атқаруға мүмкіндік беретін негізі қаланды.

42-шi халықаралық ғылыми-әдiстемелiк конференцияның ұсыныстары ҚР Білім және ғылым Министрлігіне, жоғары оқу орындарына, колледждерге және Алматы қаласының білім беру басқармасына жіберілді.

Конференцияға қатысушылардың 1300 беттен тұратын мақалалары 3 томнан құралған жинақ болып басылып шығарылды.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі