ҚазҰУ-да заманауи үлгідегі аудитория ашылды

06.12.2022

Көрулер: 3218

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің география және табиғатты пайдалану факультетінде белгілі географ, ғалым, география ғылымының докторы, туризм географиясының қазақстандық ғылыми мектебінің негізін қалаушы Станислав Ердавлетов атындағы аудиторияның салтанатты ашылу рәсімі өтті. Шараға университет басшылығы, оқытушы-профессорлар құрамы мен білім алушы жастар қатысты.

Заманауи үлгіде жасақталған дәрісхана меценат, Станислав Ердавлетовтың шәкірті Александр Подваловтың демеушілігімен ашылып отыр.

Жиын басында Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Фатима Жақыпова сөз сөйлеп, дәрісхананың ашылуына үлес қосқан демеушілерге ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаевтың атынан ризашылығын білдірді. Сонымен қатар ғалым Станислав Ердавлетовтың жеткен жетістіктеріне тоқталды.

«Станислав Ердавлетов – 320-дан астам ғылыми еңбектің авторы. Қазақстандағы туризм географиясы бойынша алғашқы теориялық еңбектер мен оқулықтарды жазды. Сонымен қатар профессордың бастамасымен 1996 жылы университетіміздің география факультетінде алғаш рет Туризм кафедрасы ашылды. Жаңадан құрылған кафедраны 13 жыл басқарып, жетекшілік етті. Бүгінгі шараның маңыздылығы жоғары. Себебі география саласында аянбай еңбек еткен ғалымның атымен дәрісхана ашылып отыр. Соңғы екі жылда білім ордамызда 20-ға жуық заманауи үлгідегі аудиториялар ашылды. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады», – деді Фатима Надырқызы. 

Аудитория заманауи және еркін форматта жасақталған. Білім алушы жастардың емін-еркін сабақ оқуларына жағдай жасалған. Дәрісхананың іші жарық, аумағы кең.

Сондай-ақ шара барысында Құмбел тауының шыңына (3230 м) шыққан ҚазҰУ-дың  бес студентіне арнайы марапаттар табысталды.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі