ҚазҰУ ҚР Президенті архивімен дуалды оқыту жобасын іске қосты

28.11.2022

Көрулер: 3781

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ҚР Президентінің архивімен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан дуалды білім беру жобасын іске қосты, оның аясында тарих факультетінің студенттері сұранысқа ие мамандықтар бойынша білім алады.

ҚазҰУ бүгінде заманауи білім беру нарығында сұранысқа ие баламалы оқыту форматтарын белсенді түрде қолданады. Бүкіл әлемде аса тиімді деп танылып отырған дуалды білім беру аясында студенттер теориялық білімді білім беру мекемесінде, ал практикалық дағдыларды жұмыс орындарында алады.

«Қазақстан Республикасы Президентінің архиві» республикалық мемлекеттік мекемесімен ынтымақтастық туралы шарт негізінде осы беделді ұйыммен бірлесіп тарих факультетінің студенттерін «Архивтану, құжаттану және құжаттамалық оқыту», «Архивтану және құжаттану», «Цифрлық архивтану және құжаттану» (бакалавриат, магистратура және докторантура) білім беру бағдарламалары бойынша оқытуды ұйымдастыратын болады.

Оқу барысында студенттер жоғарыда аталған мамандықтар бойынша сапалы білім алып, сонымен қатар мұрағат ісі саласында тәжірибелік дағдыларды меңгереді.

ҚР Президентінің архиві бакалаврлар мен магистранттарды даярлаудың оқу-тәжірибелік орталығы ретінде жұмыс істейтін болады, ал олардың қызметкерлері өндірістік, ғылыми-зерттеу тәжірибелері мен дипломдық және магистрлік диссертацияларды жазу кезінде жетекшілік жасайтын болады.

Жоба шеңберінде тараптар бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын бастау және жүргізу, конференцияларға қатысу, жарияланымдар мен ғылыми материалдармен алмасу бойынша ынтымақтастықты нығайтады.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі