ҚазҰУ ғалымдары Аягөзде археологиялық зерттеу жүргізуде

09.08.2022

Көрулер: 4414

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің археолог ғалымдарының жетекшілігімен Абай облысына қарасты Аягөз ауданында алғаш рет кешенді археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілуде.

Өңірдегі Кеніш қорымынан осыған дейін адам бейнесіндегі балбал тастар табылған болатын. Бұл аймақта 20-ға жуық үлкенді-кішілі қорғандар жатыр. Бүгінгі таңда зерттеу тобы еліміздің көне тұрғындарының мәдениеті мен өнері, тарихы, наным-сенімдері туралы тың дерек табу мақсатында осы мекенде қазба жұмыстарымен айналысуда. Зерттеушілерге ҚазҰУ-дың Археология, этнология және мұражайтану кафедрасының оқытушылары – Ғани Омаров, Бауыржан Бесетаев және Сымбат Сағындықова жетекшілік етеді.

«Абай облысына қарасты Аягөз ауданында мұндай кешенді зерттеу жұмыстары алғаш рет жүргізіліп отыр. 2021 жылы басталған жоба аясында 60-қа жуық бұрын-соңды белгісіз болып келген қорымдар ашылды. Әр қорымда 10-нан 50-ге дейін археологиялық ескерткіштер бар», – дейді жоба жетекшісі, тарих ғылымының кандидаты Ғани Омаров.

Зерттеу жұмыстары барысында Бозай ауылы маңында орналасқан Бозай-1, Бозай-2 қорымдары толық аршылған. Археологтердің айтуынша, ескерткіштер орналасқан аймақ Кеңес өкіметі кезеңінде егістік ретінде қолданылған. Сол себепті қорғандардың көпшілігі нашар сақталған.

Қазіргі уақытта мұндағы үш объектіге археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Бозай-2 қорымының №1 қорғаны кішкентай көлемді, биіктігі – 0,1 м, диаметрі – 5 м. Қорымнан 0,5 м тереңдікте шалқасынан тік жатқан адам сүйектері табылды. Қаңқаның оң жақ қабырға сүйектері және бас сүйегі мүлдем сақталмаған.

Бозай-2 қорымының №2 қорғаны толық тоналып кеткен. Олар қорғанның СШ-ОБ бағытында техникамен траншея жүргізіп кеткен. Қорғанның диаметрі – 7 м, биіктігі – 0,3 м. 0,5 м тереңдікте ескерткіштен темірден жасалған қозғалмалы тілшесі бар айылбас табылды.

Бозай-1 қорымының №1 қорғанында зерттеу жұмыстары жалғасуда. Ол Бозай даласындағы ең үлкен қорғандардың қатарында. Ескерткіштің диаметрі – 30 м, биіктігі – 2,5 м. Қорғанның төбесінде 0,7 м тереңдікте адам сүйектері табылды. Бұл жәдігерлердің қорғандағы негізгі жерлеу орнына қатысы жоқ. Зерттеу барысында қорғанға С-О бағытында екі ор қазылды, нәтижесінде қорған үйіндісінің астынан тағы да тас қоршау анықталды. Тас қоршаудың орталық бөлігінен жерлеу қабірі табылып, зерттелу үстінде.

Сондай-ақ зерттеу жұмыстары барысында археологтер Бозай мектебінің оқушыларына қазба аймағы бойынша экскурсия жүргізіп, өз тәжірибелерімен бөлісті.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі