Стамбулдағы «Білім көрмесіне» қатысты

28.09.2021

Көрулер: 3013

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жақында Түркияның Стамбул қаласында өткен Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Жаһандану өркениетіндегі қазақ әлемі» атты қазақтардың Кіші құрылтайына қатысты.


Іс-шара аясында Түркия мен Еуропа елдерінен қазақ қауымдарының 100-ден астам өкілі, Қазақстанның мәдениет мекемелері мен жоғары оқу орындарының өкілдері шетелдегі қазақ диаспорасының өзекті мәселелері бойынша талқылаулар өткізіп, пікір алмасты.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті құрылтай аясында өткен «Білім көрмесіне» белсене қатысты. Көрмеге қатысушыларға университетке, ғылымға, оқу үрдісіне, студенттік өмірге арналған стендтер, бейнематериалдар көрсетілді.

Сондай-ақ, қатысушылар үшін қазақстандық мұражайлар мен жоғары оқу орындарымен бірлесіп «Алтын тамырлы Атажұрт» көрмесі, Стамбул қаласының Бағдылжар ауданында танымал спортшы Мұстафа Өзтүрік атындағы саябақтың ашылуы сынды мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды. Сонымен қатар, шет елдердегі іскерлік қазақ қауымдастық өкілдерімен кездесу аясында «Алыстағы ағайын» деректі фильмі көрсетіліп, Қарағанды облысынан Тәттімбет Қазанғапұлы атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің қатысуымен гала-концерт ұйымдастырылды.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУдың Баспасөз қызметі