Қазақстан студенттер Альянсымен меморандумға қол қойылды

17.09.2021

Көрулер: 2634

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Қазақстан студенттер альянсы» (ҚСА) республикалық студенттер қозғалысымен» ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.  

Меморандумға қол қою рәсімін ҚазҰУ-дың әлеуметтік даму жөніндегі проректоры м.а. Әлия Масалимова мен ҚСА президенті Ілияс Тұстықбаев жүзеге асырды.

Кездесуде екіжақты ынтымақтастықтың маңызды бағыттары сараланып, білім берудің жаңартылған мазмұнын жетілдіру және тәрбие жұмысын ұйымдастыруда озық әдістерді қолданудың өзектілігіне мән берілді. Сонымен қатар кәсіби қоғамдастықтарды қалыптастыру және ҚСА қызметінің салалары бойынша желілік өзара іс-қимылды ұйымдастыру мәселелері қарастырылды.

ҚСА басшысы бүгінде Альянс мүшелері министрліктер мен түрлі қорлар, аккредиттеу комиссиялары, оның ішінде ұлттық рейтингтік агенттіктер жанындағы көптеген мемлекеттік комиссиялардың құрамына кіргенін атап өтті. Осындай қолдау мен бірігудің нәтижесінде студенттер өз деңгейінде толық ақпарат алып, мониторинг жүргізіп, студент жастар атынан жаңа идеялар ұсына алатынын мәлімдеді.

Ілияс Нұрболұлының айтуынша, қазіргі уақытта ҚСА еліміздің 50 университетімен ынтымақтастық орнатқан. Жастар ұйымы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге арналған халықаралық деңгейдегі шараларды өткізуге дайындық үстінде. Сондай-ақ қонақ ҚазҰУ базасында студент жастардың халықаралық слетін өткізуді ұсынды.

Проректор м.а. Әлия Масалимова ҚазҰУ-да Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаев күніне арналған «Мен жастарға сенемін» атты халықаралық форумның жыл сайын өтетінін хабарлай келе, Аляньс жетекшісінің ұсыныстарына қолдау білдірді. Бірлескен шараларды қараша айына жоспарлаудың тиімділігін алға тартты.

Тараптар ортақ шешімге келіп, студенттік ұйымдардың өзара іс-қимылын жандандыру және білім алушылар бастамаларын қолдауға уағдаласты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі